13 ақп, 2017 сағат 09:05

Салафизм - заман залалы

 

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ халқымыздың рухани мәдениетіне, соның ішінде оның ең басты салаларының бірі дінге мемлекеттік тұрғыдан үлкен көңіл бөлініп келеді. Ең алдымен, ар-ождан және діни сенім бостандығының жария етілуі Қазақстан халқының дін саласындағы мемлекеттік саясатты белсенді түрде қолдауына өз ықпалын тигізді. Қазақстан халқын құрайтын барлық этностар өздерінің дәстүрлі діндеріне бет бұруына мол мүмкіншілікке ие болды. Бүгінде жүзден астам этнос өмір сүретін еліміздің аумағында 18 конфессия өкілдері өзара келісім негізінде өмір сүруде. Еліміздің зайырлылық қағидаттарының нығаюы арқылы азаматтардың діни сенім құқықтары мен бостандықтары сақталып келеді. Бұл орайда ең бастысы − діннің мемлекеттен бөліну қағидаты, діни фанатизмге жол берілмеуі екендігін ескеруіміз қажет.

Дін өскелең ұрпақтың адамгершілік пен рухани дүниетанымын қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамын ерекше алаңдатып отырған өзекті мәселелер баршылық. Бұл мәселелер көбіне теріс пиғылды жат діни ағымдардың қоғамдық тұтастықты бұзуға бағытталған белсенділігіне байланысты болып отыр. Олардың ішінде әсіресе салафизм ағымының халық тыныштығын бұзып жатқандығы белгілі. Аталмыш радикалды ағым әрекеттерінің салдарынан діндарлар арасында алауыздық туындап, отбасылық-туыстық қатынастар үзілуде. Салафизм идеологиясы адамды зайырлы немесе ислами емес кез-келген қоғамнан, мемлекеттен оқшаулау үшін астыртын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Салафизм идеологиясы Қазақстан Республикасының бірлігіне, қоғамдық сана тұтастығына нұқсан келтіретін қауіпті радикалдық залал.

Салафизм идеологтары Мухаммад бин Абдуль Уаһһабтың еңбектерін пайдалана отырып, ондағы идеяларды өздерінің түсініктеріне сәйкестендіріп қабылдауда. Мұның айқын мысалы М.Абдуль Уаһһабтың «Үш негіз және оның дәлелдері» атты еңбегінде жасалған түсіндірме кітаптарынан нақты байқалады. Салафиттік идеолог Салих Әлі Шейхтің «Үш негізге» жасаған түсіндірме кітабы діни төзімділік пен татулықты жоюды, сондай-ақ дін негізінде отбасылық-туыстық, достық қарым-қатынастарды үзуді үндейтін идеяларды белсенді түрде насихаттайды. Мысалы, аталмыш кітапта: «Кім Алланы жалғыз деп танып, пайғамбарының артынан еретін болса, Аллаға және пайғамбарына бойсұнбағанды дос тұтуына болмайды. Тіпті, ол оның ең жақын туысы – әкесі, анасы, бауыры, әпке-қарындасы, туысқаны болса да онымен дос болуға болмайды» деген мәтін жолдары орын алған.

Сол себептен 2014 жылғы 25 ақпанда Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Үш негіз» және «Үш негіз кітабына түсіндірме мен анықтамалық» атты кітаптар экстремистік деп танылып, оларды Қазақстан Республикасының аумағына енгізуге, баспадан шығаруға және таратуға тыйым салынды.

Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбардан кейін өмір сүрген алғашқы үш ұрпаққа жататын мұсылман «салаф» деп аталады. «Салаф» сөзі тілдік жағынан ислам ғалымдарының пайымдауынша «алдыңғы өткен халық» деген мағына береді. Алайда, салафизм ағымын ұстанушылар өздерін аталмыш «алғашқы үш ұрпақтың» жолын қуушылар ретінде қарастырып, өз-өзін «салаф» деп атауды жөн санайды.

Қазіргі таңда «салафизм», «уаһабизм» атаулары «экстремизм» сөзінің синониміне айналғандай. Уаһабшылардың «салафизм» атауын да кейіннен алғанын айта кетуіміз керек. Уаһабшылардың жер-жерде бүлік салып, тарихта ешқашан жақсы атының шықпауына байланысты «уаһабизм» сөзінің жаман мағынасынан құтылу үшін уақыт өте келе өздерін «алғашқы салиқалылардың жолын ұстаушылар» ретінде «салафилер» деп атай бастады. Ғылымда салафизм ағымын ұстанушылар салафтардан бөлек қарастырылып, «салафиттер» деген атаумен белгілі.

Қазақстандағы салафизм ағымының бірнеше басты ерекшеліктері бар. Салафиттер Қазақстан Республикасының билігіне, конституциялық құрылымына қарсы шығады. Тағы бір мақсаты халықты төл мәдениетінен айыру болып табылады. Орталық Азия елдерінің ислам догмаларына қайшы барлық салт-дәстүрлерін жою қажет деп есептейді. Ел патриоты емес, дін патриоты болуға үндейтін идеяны үгіттеп насихаттайды. Бұл салафизм ағымын ұстанушылардың қоғам мен мемлекет мүддесіне қарсы екендігін көрсетеді.

«Жиһад» ұғымын теріс түсіндіріп, кәпірлерге қарсы соғысу керек деп ойлайды. Салафиттердің түсінігінде кәпірлердің қатарына қазіргі Қазақстан халқының басым бөлігі кіреді. Салафиттердің өзгелердің діни сенім бостандығын мүлдем мойындамайтындығы Қазақстанның зайырлылық қағидаттарына тікелей қайшы келетіндігінің айқын көрсеткіші. Салафиттердің арбауына түскен адамның радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы көзқарастағы азаматтарға өштесіп, саяси мақсатына қол жеткізу үшін кез-келген амал-тәсілді қолданып, қарулы қақтығысқа да ойланбай бараудан тайынбайды.

Ислам ғұламаларының пікірінше «шынайы жиһад» дегеніміз ол – өз нәпсісімен күресуі болып табылады. Радикалды діни ағымдардың өкілдері исламдағы «жиһад» ұғымын қате түсінеді. Олар жиһадты басқаларға қарулы соғыс жүргізу деп ұғады. Ал шындығына келгенде «жиһад» сөзі араб тілінен аударғанда белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін адамның  қажыр-қайрат жұмсауы деген мағынаны білдіреді. Шынайы жиһад дегеніміз:

- әркімнің өз кемшіліктерін түзеуі;

- өзіңнің ішкі дүниең мен жүрегіңді тазарту;

- өз бойыңдағы қызғаншақтық, қанағатсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді жаман қасиеттерден арылу;

- өз бойыңдағы адамгершілік қасиеттерді жетілдіру;

- әркімнің өз нәпсісін, еліктеуін және әлсіздігін жеңуі болып табылады.

Бүгінгі таңда діни санасы толыққанды қалыптаспаған жастарымыз салафизм ағымының ықпалына адасып түсіп жатқаны белгілі. Дін қоғамның ажырамас бөлігі болғандықтан салафизм ағымының залалы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстан қоғамының дәстүрлі өмір сүру салтына жат діни ағымдарға қарсы тұрып, төтеп беру үшін әрбір адам саналы түрде «Елім!» деп, ата-бабасынан қалған төл мәдениетін сақтап қалуы тиіс. Ғасырлар бойы өзінің ерекше мәдениетін қалыптастырған қазақ елі бекем бірлігі, отансүйгіштігі мен толеранттылығының арқасында тұтастығына сызат түсірмей, мемлекеттілігін баянды етуі үшін заман залалы болып табылатын салафизм ағымының таралуына жол бермеуі тиіс.

К.Тулегенова,

ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Христиандық және Қазақстан үшін дәстүрлі емес діни ағымдарды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Ұлт порталы