Фото: Egemen.kz
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов суицид тақырыбын медиада жариялауға қатысты проблеманы көтерді. Бұл туралы ол өзінің Telegram-дағы арнасында жазды.
"Вертер әсері" – бұл феномен, суицид туралы ақпараттар жарияланғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының көбеюін көрсетеді, әсіресе мұндай хабарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылған кезде байқалады.
Көптеген зерттеулер көрсеткендей, суицид туралы жарияланымдар "имитациялық суицид "деп аталатын жағдайларды тудыруы мүмкін.
Бұл феноменнің негізгі зерттеушілерінің бірі — Phillips D.P. (1974). Оның зерттеуі «The Influence of Suggestion on Suicide: Substantive and Theoretical Implications of the Werther Effect» деп аталады, және ол суицид оқиғаларының Ұлыбритания мен АҚШ-тағы газеттерде (1947-1968 жылдары) жарияланғаннан кейін айтарлықтай өскенін көрсетеді. Мұндай оқиғаларға неғұрлым көп назар аударылса, суицид саны да соғұрлым артады деген тұжырым жасалған", - деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, суицидтің алдын алумен айналысатын көптеген ұйым бұл тақырыпты қалай дұрыс жариялау керектігі туралы БАҚ-қа арналған нұсқаулықтар әзірледі.
Депутат бұл нұсқаулықтарды орындау имитациялық мінез-құлық қаупін азайтуға көмектесетінін айтты.
"ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) да медиаға суицид туралы жауапты түрде хабарлау бойынша ұсынымдар шығарған. Бұл сезімтал мәселеге мұқият және сақтықпен қарау өте маңызды, өйткені ол осал топтар үшін тәуекелдер тудыруы мүмкін", - деді Асхат Аймағамбетов.