10 сәу, 2018 сағат 11:00

Сағынтаев: Елiмiзде бiрде-бiр облыс 100 пайыз компьютермен қамтылмаған

Бүгiн ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаев жыл соңына дейiн бiлiм беру мекемелерiн компьютермен және интернетпен толық қамтамасыз етудi тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Елбасы биылғы жылғы Жолдауында Үкiметке цифрлық бiлiм беру ресурстарын әрі қарай дамыту туралы тапсырма берген болатын. Осы бағытта қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберiнде Бiлiм және ғылым министрi көптеген шаруа атқарып жатыр. Дегенмен, бiздiң тарапымыздан, әсiресе жергiлiктi басшылардың тарапынан сұранысқа ие болып тұрған негiзгi мәселе - бiлiм беру мекемелерiн компьютермен қамтамасыз ету. Бiлiм министрiнiң баяндамасында көрсетiлгендей, Қазақстан бойынша бiрде-бiр облыс 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етiлмеген. Алматы мен Астана қалаларында да. Ақмола облысы - 29 пайыз, Жамбыл облысы - 22 пайыз, Оңтүстiк Қазақстан облысы - 38 пайыз, Қызылорда облысы - 40 пайыз, ең жоғары көрсеткiш 82 пайыз - Атырау облысында. Жыл соңына дейiн бұл шаруа шешiмiн табады деп ойлаймын», - дедi Сағынтаев.

Үкiмет отырысында премьер-министр кең жолақты интернетпен қамту мәселесiн де қозғады. Үкiмет басшысының айтуынша, облыс орталықтары, қалалар мен аудан орталықтарында бүгiн қол жеткiзiлiп отырған мүмкiндiк - 85 пайыз. Қалған 15 пайыз 2020 жылдың соңына дейiн шешiледi.

«Wi-Fi жүйесiне келсек, онда да түсiнiксiз жағдайлар бар. Негiзi қалаларда бұл сұрақтың бәрiн шешуге болады. Астананың 54 пайызы ғана Wi-Fi-мен қамтамасыз етiлген. Алматы облысында - 22, Ақмола облысында - 18 пайыз. Бұл оңай шешiлетiн сұрақтар. Бұны әкiмдер қолға алу керек деп ойлаймын. Қалалық мектептердiң бәрi кең жолақты интернетпен және Wi-Fi-мен қамтамасыз етiлетiн болса, бiздiң негiзгi сұрақтың барлығы жыл соңына дейiн шешiледi. Құрметтi әрiптестер, осыған аса үлкен көңiл бөлулерiңiздi сұраймын», - дедi Бақытжан Сағынтаев.