ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зауытты аралау кезінде ҚР Премьер-Министрі өндірістің жұмысы мен кәсіпорынның бұдан кейінгі жоспарларымен танысты. Сонымен қатар Б. Сағынтаев зауытта жұмыс істеп тұрған пештерді көріп, дайын өнім тиелетін бөлімде болды.
Айта кету керек, зауыт пен тау-кен байыту комбинатында шикізатты өндіру, оны өңдеу және металл дайындауға дейінгі толық циклді жұмыстар жүргізіледі. АФЗ жылына шамамен 300 мың тонна ферроқорытпа шығарады.
Нысанды аралау қорытындысы бойынша Б. Сағынтаев облыстың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмаларын жүзеге асыруға өз үлесін қосу үшін барлық қажетті мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, өндіріске Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін, оның ішінде, автоматтандыруды, роботтандыру, «үлкен көлемді деректермен алмасу» және т.б. ендіре алады.
Айта кету керек, ҚР Премьер-Министрі өңірлерге жұмыс сапары кезінде еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралауға және өндірісті технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша еңбек ұжымдарымен кездесу өткізуге баса назар аударады.