04 нау, 2017 сағат 15:44

Әдебиетті жою – ұлтты жою

Әдебиеттану ғылымы қазақ баласына қажет емес пе? Қажет дейін десек, биылғы жылдан бастап, әдебиеттану мен қазақ әдебиеті пән ретінде ЖОО тізімінен алынып тасталыпты. Неге?

«Қазақ әдебиетін» оқыту немесе оқу бүгінгі ұрпаққа керек емес» деп ойлайтын секілді. Олар жеке пән ретінде тізімнен сы­зы­лып қалса, бұл қазақ руханияты үшін өте қауіпті екендігін айтады зиялы қауым.

Расында да, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру мамандықтарының тізбе­сінде «Қазақ әдебиеті», «Фило­логия», «Әдебиеттану» маман­дықтары жоқ. Бұл мамандықты бітіріп шыққан түлектер енді «Тіл білімі бакалавры» мамандығына ие болады. Әзірге шешім осындай болып тұр. Сонда қазақ қоғамы ұлт­тың әдебиеті мен мәдениетін қажетсінбей отыр ма? Қазақ әде­биетін мамандық ретінде пәндер тізімінен алып тастасақ, оның соңы не болмақ?

Белгілі ғалым Жаңғара Дә­дебаев: «Ұлтжандылықтың, Отан­ға деген сүйіспеншіліктің қайнар көзі, негізі – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті. Қазақ тілі мен әдебиетін мамандық ретінде, әлеуметтік өміріміздің өмірлік маңызы зор құндылықтарының негізі ретінде оқытпаған жағдайда, оның орнын неше түрлі залалды, зарарлы ақ­параттар ағыны баспайтынына еш кепілдік бере алмайды. Мем­лекеттің, қоғамның, халықтың өмірлік мәні бар құндылықтары­ның негізі ретінде көпғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетін, қазақ тілін атына сай нақты мамандық шегінде оқу және оқыту арқылы жоғары білімді, жоғары білікті кадрлар даярлау – қазақ хал­қының және оның атымен ата­латын Қазақстан Республи­ка­сының ұлттық мүдделерінің бірі. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқу, оқыту және ғылым пәні ре­тінде сақтау, дамыту – ауық-ауық көтеріліп келе жатқан мәселе. Кейінгі жылдардың жүзінде бол­ған жаңалықтардың бірі – қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерін оқытуға бөлінген сағаттардың жар­тысын ағылшын тілінде жүр­гізу болды. Даярланған маман жоқ, дайындалған оқу-әдісте­мелік құралдар жоқ» дейді.

Қазақ әдебиетін пәндер тізі­мінен алып тастауда қауіп бар ма? Бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін белгілі ғалым Айгүл Ісмақованың мына пікіріне құлақ асайықшы: «Мемлекеттік қазақ тілі мен оның шежіресі – қазақ әдебиетін білім беру жүйесінен осылай ысырып алып тастау арқылы біз тәуел­сіздігімізге өз қолымызбен қауіп төндіріп отырған жоқпыз ба? ХХ ғасыр жазба тарихы бар «Бабалар сөзін» осылай қор ететіндей ба­сымызға не күн туды? «Ұлтты жою үшін оның әдебиетін жою жеткілікті» деген Әлихан Бө­кейхан бастаған Алаш ғалымдары, «Ұлттың жаны – Әдебиет» деген Жүсіпбек Аймауытұлының сөзін біз қалайша тез ұмыта қойдық екен? Былтыр Қазақстан тарихы жойылған кезде біз сатқындық жасап үндемей қалған едік. Енді өз басымызға күн туғанда ғана ұлт ғылымына төнген қауіп­­ті елге түсін­ді­руді азаматтық па­рыз санап отыр­мыз. Осы күн­дері маған түр­лі оқу орын­дарының ғалымдары өз наразылығын жазба түрде беріп жатыр. Өздері ресми қызметте болған соң ҚР БҒМ-ға ашық қарсылық білдіре алмай отыру­лары да түсінікті жағдай» дейді.

Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу мәселесі жиі талқыға түсіп жата­ды. Ұлттың рухани мұрасы, отан­сүйгіштікке тәрбиелейтін негізгі құралы – қазақ әдебиеті болса, онда ол мамандық ретінде оқы­тылмайтын жағдайға жетсе, онда не болғанымыз?


Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик:

Әдебиет –халықтың жаны

– Кез келген ұлтты ерекше­лейтін дүниелер болады. Қазақ әдебиеті де – сол сияқты ұлтқа қажет ғылымның бірі. Әдебиеті болмаған елдің қандай болатынын көз алдыңызға елестете беріңіздер. Лингвистика дегеніміз – тіл. Тіл мен әдебиетті шатастыруға бол­майды. Екеуі де – ұлттың жаны. Екеуін біріктіріп қарауға болмай­ды. Мәселен, физика мен мате­матиканы бір сала деп қарай алмай­мыз. Физика бөлек ғылым болса, математика мүлдем бөлек сала. Демек, әдебиет те сондай бөлек ғылым. Ол – рухани әлемі­міздің ең биік шыңы. Тіл де, әде­биет те – ұлтты ерекшелеп көр­сететін ғылымдар. Тілі жоқ, әде­биеті жоқ ұлт болмайды. Ондай ұлт халық емес. Әдебиет тудыр­маған халық болсақ, онда әңгіме басқа. Әдебиеті жоқ халыққа айналар болсақ, тобырдан айыр­мамыз не? Жүздеген томнан тұ­ратын «Бабалар сөзін» шығардық. Он том әдебиет тарихын жаздық. Әуезов неге әлемге танылды? Жам­былды неге бүкіл рухани әлем мойындап отыр?

Әдебиетті классифактордан алып тастау – ойланбай жаса­лынған шешім деп ойлаймын. Бұлай асығыс шешім қабылдауға болмайды. Қазақтың тарихы, әдебиеті, тілі халықпен бірге жа­сай береді. Әр халықтың өз тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәде­ниеті, салт-дәстүрі болмаса, ол халық емес. Онда мәңгүрттен айыр­мамыз не? Тәуелсіздік алу­дағы басты мақсатымыз не? Ұлтты сақтау, ұлтты жетілдіру. Мәңгілік елдің негізгі идеясы да – осы. Мәңгілік ел болу үшін ұлт­тық сипаттар, ұлттық құнды­лық­тар сақталуы керек. Елбасымыз «ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек» деген қағиданы жиі айтып отырады. Онда терең мән-мағына жатыр. Білім және ғылым министрлігінде отыр­ған­дар осыны ескерсе деп ойлаймын.


Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет зерттеушісі, профессор:

Қазақ әдебиетін өткізбеу – ұлтты әлсірету

– Ғылыми классификатордан біресе азаматтық тарихымызды алып тастау, біресе әдебиет ғылы­мын алып тастау – біздің мемле­кеттік стратегиямызға нұқсан ке­летін мәселе. Өйткені тарих, тіл, әдебиет – әрбір ұлттың жаны, руха­ниятының діңгегі. Оларды елемеу, ескермеу – ұлттың өзегіне балта шабумен бірдей. Оның се­бебі, кез келген мемлекеттің негізін құрайтын ұлт болады. Ұлт мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмаса, онда ол мемлекетте бе­реке болмайды. Жапонияда жа­пон тарихы мен әдебиетін оқы­маған адамды мемлекеттік қыз­метке қоймайды. Бізде керісінше, біресе тарихты алып тастағысы келіп тұ­рады. Сосын ЖОО-да оқыт­пайды. Енді әде­биетті клас­сификатордан алып тастап отыр. Бұл деге­ніңіз – ұлтты әлсі­рету. Ұлттың руха­ниятын күйрету. Бұл ай­на­лып кел­генде, ұлт­ты мәңгүрт­тен­діреді. Ұлт әдебиетін, ұлт та­рихын, тілін, ділін клас­сифи­кациядан алып тастау, не болмаса, жоғары оқу орында­рында, мек­тептерде әдебиет сағат­тарын азай­ту, пән ретінде өткізбеу деген сөз – ол тұтас ұлтты күйрету деген сөз.


Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Сөз өнеріне тоқтау салуға болмайды

– Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Біз әлем және қазақ әдебиетінің том-том кітап­тарын дайындап, оларды үлкен айналымға шығардық. Екіншіден, ешбір елде болмаған «Бабалар сөзі» деп аталатын 100 томдықты дүниеге әкелдік. Үшіншіден, тәуел­сіздіктің жаңа кезеңінде бұрын тыйым салынған тақырып­тардағы шығармалар, әсіресе, тарихи шығармалар молынан жа­зылып жатыр. Әлем әдебиетінің жауһарлары қазақ тіліне ауда­рылды. Мұның бәрі әдебиеттану дейтін ғылымның арқасында жү­зеге асырылса, ал қазақ әдебиеті пәні арқылы әдеби мұраларымыз өз оқырмандарына жетіп жатыр. Осыншама мол мұраны иге­ріп отырған саланы клас­си­фи­ка­тордан алып тастау – сөз өнеріне, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырған құнды дүниеге тоқтау салу деген сөз. Бұл қазақ әдебиетіне жасалған үлкен соқ­қы болады. Білім және ғылым ми­нистр­­­лі­гін­дегі әде­биеттен ха­бары жоқ адамдардың жасап отырған ше­шімі болар деп ойлаймын. Бұл салаға осылай тос­қауыл қою – әдебиеттану ғы­лымында, сөз өнерінде жүрген азаматтарға ауыр тиеді. Әрі бұл – ұрпаққа жасалған қиянат. Керісінше, бұл маман­дықтар кеңейе түсу керек. Қазақ әдебиеті ғылымы дамыса, Мәңгі­лік елдің мұраты биік болады.


Cерікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,доцент:

Өте қауіпті құбылыс

– 2017 жылы 1 ақпанда қолда­нысқа енді делінген Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру ма­мандықтарының класси­фи­каторы» деген құжатта «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ әде­биеттануы», «Қазақ тіл білімі» деген мамандықтар жоқ болып шықты. Орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» (Подготовка учителей по языкам и литературе 6В011500), «Тілдерді оқу», («Изу­чение языков-родного, иностранного» 6В244 6В 023100) «Әдебиет және лингвистика» («Ли­тература и лингвистика 6В023200) деген сияқты келешегі күмәнділеу мамандық еніпті. Со­нымен қатар «Қазақстан тарихы», «Шығыс­тану» сияқты бұрыннан қалыптас­қан мамандықтар да алынып тас­тал­ған. Сонда бұл не? Біздің мем­лекет «қазақ» деген сөз­ден қашып отыр ма? Бұл ма­ман­дықтардың тарихы сонау ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұр­сынұлы бастаған ұлт зиялыла­рынан бастау алған еді. Жаңадан енген мамандықтар қай елдің әде­биеті мен тілін оқытады. Ұлт­тың негізі тілі мен әдебиетінде, тарихында тұрғанын білмейтіндер министрлікте отырғаны өкінішті. Бұл өте қауіпті құбылыс деп са­най­мын.


Біздің байлам:

«Әдебиетті жою – ұлтты жоюмен бірдей». Бұл – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлттық ұраны, рухани тіреуі. Өткен ғасыр басында әдебиетті жоғары мақсатқа қоя білсек, ХХІ ғасыр басында оны шектегіміз келіп отыр. Рас, тіл білімі – үлкен сала. Бірақ ол – әдебиет емес. Жеті ғасырдан бері жинақталған ұлттың әдебиетін жоя аламыз ба? Әдебиетті тіл біліміне біріктіріп, пәндер тізімінен алып тастау – ұлт әдебиетіне жасалған қиянат екенін әдебиетші мамандар шырылдап-ақ айтып жатыр. Әдебиет – тіл ғылымының аясына енбейді. Әдебиет – сөз өнері. Әдебиетке қиянат жасағанымыз – қазақ сөзіне қиянат жасағанымыз.

 

Гүлзина БЕКТАС

"Айқын" газеті