20 қыр, 2022 сағат 00:11

Сафуан Шаймерденов дүниеге келген Амангелді ауылында бір ғана үй қалған


Солтүстік Қазақстан облысында жерлес жазушы Сафуан Шаймерденовтің ғасырлық мерейтойына орай бірқатар іс-шара өтті, ал Амангелді ауылындағы туған үйіне мемориалдық тақта қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойы Петропавлда «Сөз зергері – Сафуан» атты шығармашылық кешпен ашылды. Оған жазушының әріптестері, белгілі қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, туған-туыстары қатысып, естеліктерімен бөлісті. Ал негізгі іс-шара екінші күні Сафуанның кіндік қаны тамған Амангелді ауылында өтті. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлан асыр той ұйымдастырылды. 

Меймандар жазушының туып-өскен үйінде болып, «Шәймерден әулетінің қарашаңырағы» деп жазылған мемориалдық тақтаның ашылу рәсіміне қатысты. 

«Бұл қарашаңыраққа әкеміз тірі кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов те келген. Өзімен қатарлас жүрген Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов секілді қазақтың марғасқаларының бәрі осы үйде болып, қарашаңырақтан дәм татты. Сондықтан бұл үйді ел көшіп кетсе де біз бұзбай сақтап отырмыз. Ауыл қайтадан орнына келеді деп ойлаймын. Себебі 150 жылдығы өтіп жатқан Ахмет Байтұрсұновтың ауылы екі рет жабылып, екі рет қайтадан орнына келген екен», - деді Сафуан Шаймерденовтың ұлы, белгілі журналист Сайын Шаймерден. 

Сафуан Шаймерденовтың «Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атаумен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» атты шығармалары кірген. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған.

Қаламгердің өзі де аудармамен айналысты. Р.Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты алды. 

«Сафуан Шаймерденов біздің ұлттық әдебиетімізді биікке көтерген классиігіміз ғана емес, ол ұлтымыздың ар-ұятына айналған үлкен азамат. Ол біздің қаншама ұрпаққа үлгі болатын өнегелі іс тындырған қайраткер. Қазақ жазушысы егер мықты болатын болса, көркем әдебиет арқылы ұлтты тәрбиелеу міндетін ғана емес, ол қайраткерлік міндетті де атқарады. Сол міндеттің биігінен табылған ағамыз кешегі желтоқсанда жастарды арашалап, республиканың ең биігінде тұрған кісілердің алдында өзінің ой тұжырымдарын айтты», - деді ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров. 

1992 жылы Сафуан Шаймерденов Халық жазушысы құрметті атағына ие болды.