31 шіл, 2021 сағат 16:40

Сафиуллин жекпе-жексіз Олимпиаданың ширек финалына шықты


Токиода Олимпиада ойындарында бокстан ерлер мен әйелдер арасында жекпе-жектер жалғасып жатыр, деп хабарлайды Olympic.kz.

63 келіде жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Зәкір Сафиуллин ширек финалға шықты. 

Отандасымыздың қарсыласы жапониялық Даисуке Наримацу болатын. Алайда, жапониялық боксшы жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпады. Нәтижесінде, қазақстандық Зәкір Сафиуллин келесі айналымға өтті.

Отандасымыз алғашқы кезеңде перулік Леодан Пезо Сабойямен кездескен болатын. Қазақстандық боксшы қарсыласын 5:0 есебімен жеңген еді. 

Зәкір Сафиуллин Түркістан облысында туған. Құрамадағы тәжірибелі боксшылардың бірі, жасы - 34-те. Азия чемпионатына екі мәрте күміс жүлдегер атанған. 

Айта кетейік, Олимпиадада төрт боксшымыз қалды. Олар - Закир Сафиуллин (63 келі), Сәкен Бибосынов (52 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі) мен  Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары). Бүгін Сәкен Бибосынов екінші айналымда тағы жеңіске жетіп, ширек финалға шықты.

Қалған төрт боксшы жарыс жолын аяқтаған болатын. Атап айтқанда, Серік Теміржанов (57 келі) екінші айналымнан аса алмаса, 69 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов америкалық боксшыға жол берді. Ал Василий Левит (91 келі) нокаутпен ұтылды. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов те бірінші жекпе-жекте ресейлік боксшыдан жеңіліп қалды. Қазақстанның әйелдер командасы атынан Токио Олимпиадасына барған жалғыз боксшы Надежда Рябец (75 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылып қалды.