Дүкенге барсаңыз кіл шетел кір жуғыш ұнтақтары мен иіс сабындарын жиып қайтасыз. Ал, сол сабынды біздің түркістандық шеберлердің де тәп-тәуір жасай алатынын білесіз бе? Олардың өнімдері әрі арзан, әрі қолжетімді.
Археолог - ғалымдар сабын өндірісінің бұдан 6000 жыл бұрын пайда болғанын айтып жүр. Әсіресе, монша гигиенасына қажет бұйымдарды шығаруда Марсель қаласының аты әлемге әйгілі. Ресейде сабын І Петр дәуірінде пайда болып, ХІХ ғасырдың ортасына дейін ақсүйектер сол сабындармен жуынған. Дегенмен, көшпенділер ұзақ уақыт бойы «сасық» сабынға үйрене алмаған. Олар балшықпен, ағаш ұнтақтарымен, ұнмен, желіммен, кеуектаспен, жұмыртқа сарысымен жуынып жүрді.
ХІХ ғасырда француз ғалымы Луи Пастер көптеген сырқаттың себепкері бактерия екендігін дәлелдегеннен кейін ғана, әлем халқы жеке гигиенаға көңіл бөле бастайды. Қазір сабынды пайдаланбайтын адам жоқ.
Өткен аптада «Өнерлі өлке» фестивалі аясында шағын кәсіппен айналысатын қолөнершілер, шеберлер өз бұйымдарын жайған кезде, арасынан жергілікті гигиена өнімдерін көзім шалып қалды. Баиқасам, Сарыағашта, Жетісайда, Созақта, Ордабасыда, Ақбастауда сабын өндірісімен айналысатын кәсіпкерлер бар екен. Өнімдерінің сапасы тәп-тәуір. Бағасы арзан. Тіпті, емдік қасиеті бар глицеринді кір сабын өндірушілер де табылды.
Жалпы, қазақтар жануарлардың майын алабұтамен, қураймен, сексеуілмен, басқа да өсімдік күлімен араластырып қайнату арқылы қолдан сабын жасаған.
Ақшамызды бекерге шетелдің санитарлық ұнтақтарына шаша бермей, өзімізде, Түркістанда жасалған сабындарға да көңіл бөліп, моншаға барғанда сол сабындармен рахаттанып жуынып жүрейік.
Бекжігіт СЕРДӘЛІ