19 там, 2021 сағат 10:31

Рыбакина жұптық сында Цинциннати турнирінің екінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Цинциннати WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге алғашқы айналымда тунистік Онс Жабер – үндістандық Саня Мирзамен кездесті.

Қазақстандық-ресейлік жұп 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Рыбакина мен Кудерметова 1 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Е.Рыбакина мен В.Кудерметова ширек финалға шығу үшін осы жарыстың 4-ракеткалары, америкалық Николь Меличар – нидерландылық Деми Схюрспен күш сынасады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева жекелей сында үшінші айналымға шыға алмады. Ол әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковаға 3:6, 2:6 есебімен жол берді. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл кездесуде чехиялық теннисші 5 эйс, 3 брейкке қол жеткізді. Ю.Путинцева 4 эйс жасағанымен, бірде-бір брейк жасай алған жоқ. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Чикаго жарысын жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Е.Рыбакина жекелей сында әлемнің 31-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасады. Ол 2 сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде әлемнің 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 5:7, 6:2, 7:6 (7:4) есебімен ұтып кетті.