Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы «Үлкен дулыға» турнирінің 18-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 59-орында тұрған франциялық Кристина Младеновичпен кездесті.
Бұған дейін қазақстандық теннисші 2019 жылы Уимблдон жарысының іріктеу сайыстарынан аса алмаған болатын. Ал өткен жылы пандемияға байланысты айтулы дода өткен жоқ.
Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасай білді. Осы басымдылығынан сет біткенше айырылған жоқ – 6:4.
Екінші сетте қазақстандық спортшы қос бірдей брейкпен алға кетті – 3:0. Бұдан кейін К.Младенович медициналық көмекке жүгінді. Елена бұл партияда қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Ол матч барысында 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Бәсеке 1 сағатқа жуық уақытқа созылды.
Осылайша Лондондағы «Үлкен дулыға» додасы қазақстандық теннисшілер үшін сәтті басталды.
Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 83-ракеткасы, жапониялық Мисаки Дои немесе рейтингіде 120-сатыдағы америкалық Клэр Льюдің біреуімен шеберлік байқасады.
Әйелдер арасында Уимблдондағы финалдық матч 10 шілдеге белгіленген. Жарыстың 2019 жылғы чемпионы, румыниялық Симона Халеп жарақатына байланысты биыл қатысқан жоқ.