19 там, 2021 сағат 00:06

Рыбакина Цинциннати турнирінің үшінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Рыбакина екінші айналымда әлемнің 16-ыншы, осы айтулы доданың 15-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен кортқа шықты. 

Қазақстандық теннисші екі сетте 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

1 сағат 15 минутқа созылған матчта қарсыластар 4 реттен эйс жасады. Рыбакина 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ал Мертенс сондай екі мүмкіндікті мүлт жіберді.

Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингте 31-сатыда тұрған испаниялық Паула Бадосаның біреуімен таласады.

Ал Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Цинциннатиде ерлер арасында өтіп жатқан мастерс турнирінің екінші айналымынан аса алмады. Ол әлемнің 21-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровқа 3:6, 5:7 есебімен есе жіберді. 1 сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Димитров 8 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Бублик 9 эйс, 1 брейкке қол жеткізді.