21 сәу, 2022 сағат 21:01

Рыбакина тартысты матчта әлемнің үшінші ракеткасына жол берді


Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің үшінші ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен күш сынасты.

Бұған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде испаниялық спортшы жеңген еді.

Бұл жолы Бадоса бірінші партияда басымдылық танытты – 6:2.

Екіншісінде Рыбакина есе қайырды – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда тай-брейкте Бадоса сәттірек ойнады – 7:6 (7:4). 

Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 5 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 7 эйс, 6 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.

Жүлде қоры 703 580 АҚШ долларына бағаланған жарыстың ширек финалында Бадоса әлемнің 10-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен шеберлік байқасады. Ол ресейлік Дарья Касаткинаны ұтты – 6:3, 6:3.