Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 32-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен кездесті.
Қарсыластар бірге жаттығып, жұптық сында бірге өнер көрсетіп жүргендіктен, бір-бірінің сырын жақсы біледі. Дегенмен жекелей сында бұған дейін жолдары тоқайласпаған екен.
Елена 21-де болса, 29 жастағы Анастасия бұдан 10 жыл бұрын Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына дейін жеткен еді.
Осы Франция ашық чемпионаты барысында ресейлік теннисші Беларусь елінің қос мықтысы Арина Соболенко мен Виктория Азаренконы жолдан тайдырды.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 3:1 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы көп ұзамай таразы басын теңестірді – 4:4. Тай-брейкте Рыбакина айқын басымдылық көрсетті – 7:6 (7:2).
Есесіне екінші сетте Павлюченкова қарымта қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда Рыбакина брейк жасап, 3:2 есебімен алға шыққанымен, Павлюченкова да қарап қалмады – 3:3. Есеп 7:8 болған мезетте доп берген Елена қателік жіберді – 7:9.
Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 33 минутқа созылды.
Қарсыластар матч барысында бес-бестен эйс жасады.
Ресейлік спортшы финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 85-орында тұрған словениялық Тамара Зиданшекпен таласады. Ол жартылай финалда әлемнің 35-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны 7:5, 4:6, 8:6 есебімен ұтты.
Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова жұптық сында жартылай финалға шығу үшін Польша өкілі Магда Линетт – америкалық Бернарда Перамен шеберлік байқасады.