04 шіл, 2022 сағат 21:17

Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлыбритания ашық чемпионатының 17-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 80-орында тұрған хорватиялық Петра Мартичпен шеберлік байқасты. 

Бірінші партия барысында Мартич алға кеткенімен, Елена есесін жібермеді. Есеп 5:5 болған мезетте өз геймін алып, сетті брейкпен тәмамдады – 7:5. 

Екінші партияда Рыбакина сол қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:3. 

1 сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың 4-еуін пайдалана білді. 

Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 37-ракеткасы, франциялық Ализе Корне немесе рейтингте 44-сатыда тұрған аустралиялық Айла Томляновичтің біреуімен таласады. Корне мұның алдында осыған дейін 37 матч бойы жеңілмеген әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Свентекті ұтып кеткен болатын – 6:4, 6:2.