03 мау, 2021 сағат 02:00

Рыбакина алғаш рет Ролан Гарростың үшінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Франция ашық чемпионатының 21-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 82-орында тұрған жапониялық Нао Хибиномен кездесті. 

Елена осы айда 22-ге толатын болса, қарсыласы 26 жаста еді.

Бірінші партияны қазақстандық теннисші брейкпен бастап, 3:0 есебімен алға шықты. Сет біткенше, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасай алды. Содан кейін қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:1. 

Бәсеке 1 сағат 3 минутқа созылды.

Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шығып отыр. Өткен жылы ол екінші айналымнан аса алмаған еді.

Е.Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін 34 жастағы ресейлік, рейтингте 1096-сатыдағы Елена Веснинамен таласады. Сәбилі болуына байланысты үзілістен кейін додаға қосылған Е.Веснина үшінші айналымға ойнамастан өтті. Оның қарсыласы, әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитова журналистерге сұхбат беремін деп жүріп, аяғын ауыртып алып, күтпеген жерден жарыс жолынан шығып қалды.