Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Doing Business рейтингі аясында еліміздің позициясын жақсарту жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Doing Business халықаралық рейтингінде Қазақстанда бизнес жүргізу жағдайын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс оң баға алды. Бүгінде рейтингіде Қазақстан 25-ші орында тұр. Енді осы позицияны жақсарту маңызды», - деді Р. Дәленов онлайн режимде халық алдында есеп беру барысында.
Осы орайда ол бұл шаралар тек көрсеткіштер үшін жасалмайтынын атап өтті.
«Бұл қадамдар аясында жоғары позицияны сақтау кәсіпкерлікті дамыту үшін заңнаманы тұрақты жетілдіруді білдіреді», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, көш бастап тұрған индикаторлар арасында шарттарды орындауды қамтамасыз ету, инвесторларды қорғау мен кәсіпорындарды тіркеу бағыттары бар.
«Сонымен қатар, халықаралық сауда бойынша, электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесіне қосылу бағыттарын жақсарту керек. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді Р. Дәленов.