Фото: pnp.ru
«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Ult.kz тілшісінің сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстандағы болашақ атом электр станциясын салу және оны кадрмен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде айтты.
Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс мемлекетаралық келісімдер жасалмай тұрып басталған. Бірнеше жыл бұрын Алматыда МИФИ-дің (Мәскеу инженерлік-физикалық институты) филиалы ашылып, бүгінде ол «Росатом» үшін халықаралық мамандар даярлайтын жетекші орталықтардың біріне айналған. Сонымен қатар, қазақстандық ұлттық университеттермен де әріптестік орнатылып, білім беру мен ғылым саласында бірлескен жоспарлар іске асырылуда.
«Ең заманауи қондырғылардың өзі адамсыз жұмыс істемейді, сондықтан кадр даярлау – біз үшін басты міндет. Біз жастармен тек кәсіби тұрғыда ғана емес, рухани тұрғыда да жұмыс істейміз», – деді Лихачев.
Ол сондай-ақ АЭС құрылысының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Мысал ретінде Островец (Беларусь), Бангладеш және басқа елдердегі тәжірибені келтірді. Лихачевтің айтуынша, мұндай жобалар жаңа инфрақұрылымның дамуына, білім беру сапасының артуына және өмір сүру деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді.
«Ең бастысы – адамдардың өзгеруі. Адамдар білімге ұмтылады. Жастар да, басқа буын өкілдері де өздерін жетілдіруге, үлкен жұмысқа дайындалуға белсенді кіріседі. Бұл өмір сүру деңгейін, білім сапасын арттырады. Әрине, біз мектептер саламыз. Әрине, біз үшін осы өңірлердің жастарын атом саласының мамандықтарына оқыту тиімді, өйткені олардың отаны, үйі осында, ал олардың жанұяларының айналасында болашақ атом мамандары қалыптасады», - дейді «Росатом» басшысы.
Мысал ретінде Лихачев Ақтау кентін келтірді.
«Казахстан бұл үрдісті жақсы біледі. Ақтау секілді атомшылар қалалары әрдайым елдегі өмір сүру деңгейі ең жоғары орталықтар болып келеді», – деп қорытындылады «Росатом» басшысы.
Айта кетейік, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында ірі қуатты атом электр станциясын салу жобасы аясындағы алғашқы жұмыстар – станция құрылысына арналған оңтайлы алаңды айқындау және жобалық құжаттаманы әзірлеу мақсатындағы инженерлік іздестірулер басталды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.
