Коллаж Qaz365.kz
Ұлттық құрама спортшысы Ризабек Айтмұхан Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еркін күрестен 92 кг дейінгі салмақтың финалында Ризабек əзірбайжандық Осман Нурмагомедовпен күш сынасып, жеңіске жетті. Есеп: 5-2.
Осылайша, ол егемендік алғалы бері еркін күрестен әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш әрі ең жас қазақстандық палуан атанды. Осы уақытқа дейін Ұлттық құрама спортшылар 17 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі күміс, 12-сі қола медаль.
Айта кетейік, кеше Ризабек бәсекені 2-айналымнан бастап, мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза ұтқан. Сосын осы салмақтағы қазіргі әлем рейтингінің көшбасшысы - грузиялық Мириани Майсураздені қапы қалдырды.
Ризабек Айтмұхан биыл өзі қатысқан барлық жарыста тұғыр сатысына көтерілді. Атап айтар болсақ, жылдың басында Алматыда өткен күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында ешкімге дес бермей, Ұлттық құрама сапын толықтырды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында, сондай-ақ, Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Қазір Мадияр Құрамысов баптайтын еркін күрестен Қазақстан құрамасының қоржынында Белградтағы бәсекенің 2 жүлдесі бар. Кеше Азамат Дәулетбеков (86 кг) қола медальмен бірге Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті.
Айта кетейік, 92 кг дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді.