03 там, 2021 сағат 22:06

Ришат Хайбуллин Токио Олимпиадасының финалына өте алмады


Токио Олимпиадасында спорттық құзға өрмелеуден біліктілік аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Спорттың бұл түрінде Қазақстан атынан Ришат Хайбуллин өнер көрсетті. Біліктілікке қатысушылар бұл спорттың үш түрі бойынша бақ сынады: жылдамдыққа шығу, қиындықтармен шығу және боулдеринг. 

Ришат жылдамдыққа шығу бойынша төртінші болды. Одан кейін боулдерингті 17-ші болып аяқтады. Шешуші - қиындықтармен шығуда Р.Хайбуллин 13-ші нәтиже көрсетті.

Іріктеу раундының қорытынды хаттамасында қазақстандық 11-ші болды. Алайда финалға өте алмады. Оған тек сегіз мықты спортшы ғана жолдама алды.

Бұдан ерте синхронды жүзу бойынша Қазақстан командасының өкілдері Александра мен Екатерина Немич Токиодағы Олимпиада ойындарында өнер көрсетуін аяқтаған еді.