09 қаз, 2024 сағат 17:50

Ринат Заитов ЛГБТ мен феминита қауымдастығын Қазақстанда шектеуді талап етті


Фото:РИА Новости / Илья Питалев

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке Депутаттық сауал жолдады. Ол сауалда ЛГБТ мен феминита қауымдастығын Қазақстанда шектеуді сұрады, деп хабарлайды Ult.kz.

Мәжілісмен өз сөзінде ЛГБТ мен феминита қауымдастығы қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым деп есептейтінін айтты.

"Азғана уақытта жастарымызды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі", -деген Р. Заитов құқық қорғау органдары әрекет жасамай отырғанын айтып, шағымданды.


Оның сөзінше аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарымызға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, Алматының көшелерінде өрімдей жастарды жинап алып митинг өткізгенде де, ашық сұқбаттарда басқасын былай қойып тіпті 2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға да дабыл қағып әрқайсысына 11  Мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдағанда да құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ. Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады.

"Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?! Мемлекет басшысының өзі үйлестірген еліміздің Ұлттық Құрылтайының  маңызы мен мағынасына нұқсан келтіретін бұл феминита азғындарына неге тоқтау жоқ?! Олардың артында кім тұр, оларға қаржы бөлетін кімдер және олардың көздеген түп мақсаты не?  Сонда қалай?! Әншейінде кез-келген мәселені май шаммен қарайтын құқық қорғау органдары, ЛГБТ ұйымына келгенде «тәртіпті қауқарсыз» бола қала ма?" -деп айтты ол.


Депутат Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» № 31 Заңының 1 бабына сәйкес феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап ететінін жеткізді.