11 там, 2017 сағат 15:14

Ринат Кертаев Бибігүл Дәулетбекқызының базынасына жауап берді

Жақында жуналист Бибігүл Дәулетбекқызы «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма бастығының орынбасары Ринат Кертаевты айыптап, жазба жариялаған болатын. Автор Ринат Думанұлының өз идеясын ұрлап алғанын тілге тиек еткен-ді. Жазба желіде қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер айтылуда. Бүгін Ринат Кертаев өз парақшасында Бибігүл Дәулетбекқызының сынына жауап берді. Толық мәтін төмендегідей.

***

Әріптесім Бибігүл Дәулетбекқызы әлеуметтік желіде маған қатысты базынасын айтыпты. Бұл базынаның менің нақты қолыма алған жұмысыма тікелей қатысы болғандықтан, Сіздердің назарларыңызға өз жауабымды ұсынғым келеді.

Біріншіден, «Хабар» Агенттігінің Көркемдік кеңесіне Бибігүл Дәулетбекқызынан «Ай-хай, 25» деген атпен ешқандай бағдарламаның жобасы ресми ұсынылған жоқ. Бірақ, менімен кездесуінде бірнеше жобасымен қатар «Ай-хай, 25» турасында да ауызша баяндағаны рас. Былтыр, яғни Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ширек ғасыр ішінде еліміздің жеткен жетістіктері көрсетілетін басқа да жобалар Көркемдік кеңеске ұсынылған болатын. Соның бірі – «Fresh TV» компаниясының идеясы. Бағдарламаның авторлары және сценаристері – Әсел Қайролла және Алмас Тоқабаев. Аталған авторлар және өндіруші компания бағдарламаның атауына қатысты мынадай ұсыныстар берген: «Өскен өркен», «Пай-пай, 25», «Ширек ғасыр». Көркемдік кеңестің шешімі бойынша аталған жоба эфирге шығаруға лайық деп танылып, оның «Пай-пай, 25» деген атауына тоқтаған болатын.

Екіншіден, «Пай – пай, 25» жобасы авторлық құқық талаптарына толықтай сай жүзеге асырылған бағдарлама. «Fresh TV» компаниясы бағдарлама жасау және прокат талаптарына сай «Хабар» Агенттігіне бағдарламаның авторлық құқықтарын тапсырды. Авторлық құқық саласындағы заңнама талаптары толықтай сақталған және «Хабар» Агенттігіне тиесілі.

Әрине, «Пай – пай, 25» деген сөздің «Айхай 25» деген сөзге ұқсастығы бар болғанмен, құрылымы мүлдем басқа. Біздің арнадан өткен бағдарламада ел өміріндегі елеулі оқиғалардың жай-жапсары жан-жақты баяндалды. Студияға келген танымал тұлғалар (саясаткерлер, спортшылар мен зиялы қауым өкілдері) өз естеліктерімен бөлісіп, еліміздің өткені мен келешегін талқылайды. Осылайша, Бибігүл Дәулетбекқызы ұсынған «Айхай 25» жобасымен ешқандай ұқсастығы жоқ және бұны менімен кездесуінде өзі де мойындаған болатын. Қажет болған жағдайда, Агенттік заң жүзінде өз құқығын қорғап шығуға дайын.

Бибігүл Дәулетбекқызының осы жазбаларынан тек бір ұйғарымына толық келісемін. Ешқандай қызмет те, мансап та мәңгілік емес. Мен үшін халықтың мүддесі алғы орында. Сондықтан, бұл мүдде жолында кіммен болсын, кездесуге дайынмын, қандай идея болсын қарастыруға әзірміз. Біздің Агенттікке қарасты эфирден өтетін жобалардың бәрі Көркемдік кеңесте қаралатынын ескерткім келеді. Жобаны қарау я оны эфирге жіберу бойынша шешімді мен жалғыз қабылдамаймын. Тағы да қайталап айтамын, мемлекетшілдік сананы бекітетін, азаматтық қоғамның деңгейін арттыратын, әр азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін көтеретін кез-келген жобаны қарастыруға әзірміз.

P.S. «Пай-пай, 25» бағдарламасынан бейхабар, оның ерекшелігін білмейтін, таныс емес адамдар көремін десе, төмендегі сілтеме арқылы өтуге болады: http://khabar.kz/kz/m-ra-at-paj-paj-25