Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бір күндік жұмыс сапарымен Риддер қаласында болып, кеншілер шаһарындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысын аралады. Тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, туризмді, ағаш өңдеуді дамыту, тауарлы-сүт фермасын құру бойынша риддерліктер қолға алған жаңа жобалармен танысты.
Аймақ басшысы алдымен ат басын электр қуатын өндіретін «ЛК ГЭС» ЖШС-не бұрып, еңсесін қайта тіктеген байырғы кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Қазір жүзге тарта адамды жұмыспен қамтыған Үлбі өзеніндегі гидроқұрылымды қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Кәсіпорын басшысы Дмитрий Бояриновтың айтуынша, бұл жерде негізінен электр қуаты өндіріліп, екінші су қолданушыларға су беру қызметі көрсетіледі. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алдағы жоспарына қарай жыл соңына дейін екі турбина іске қосылмақ. Олардан жиыны 24 мВт электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде. Мекеме былтыр 723 млн. теңгенің өнімін өндірген. Облыс басшысы өз кезегінде көрсеткішті арттыруды және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.
Даниал АХМЕТОВ Риддердегі «Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Алтай филиалында да болды. Аталған филиал директоры Андрей Калачев 1959 жылдан қызметі басталатын, бұрынғы Алтай орман тәжірибе станциясының мұрагері болып табылатын Алтай филиалының негізгі қызметі өңірдегі орман шаруашылығын және агроорманмелиорацияны ғылыми тұрғыда зерттеу екендігіне тоқталды. Филиал базасында аймақ басшысына жергілікті кәсіпкерлердің ағаш өңдеу саласындағы жаңа жобалары таныстырылды. Мәселен, жеке кәсіпкерлер Н.Григорьев, А.Цыкунов, Ф.Иванов және «Риддерский ДОК» ЖШС өкілдері екінші, үшінші сұрыпты ағаш қалдықтарын терең өңдеу, қалдықсыз өңдеу, ағаштан түрлі бұйымдар жасау, «OSB» тақтайшаларын өндіру жобаларын облыс басшысының алдына тартты. Алайда, олардың барлығы да жобаларын іске асыру жолында мемлекеттің қолдауына зәру. Ал банктер несие беру үшін лайықты кепілдік мүлік талап етеді. Осыған қатысты өз ойын білдірген Даниал АХМЕТОВ ағаш өңдеу жобаларын қолға алғанда, ең біріншіден дайындалған өнімді өткізу нарығын әбден зерделеп алуды, бизнес-жоспарларды несие берушілердің сенімінен шығатындай етіп шынайы әзірлеуді тапсырды.
Әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді
Даниал АХМЕТОВ Мичурин көшесінің бойында салынып жатқан 280 орындық балабақшаның құрылысымен де танысты. Бұл нысан да ұзаққа созылған құрылыстардың қатарында. Естеріңізде болса, облыс басшылығы аталған нысанға бөлінген қаржыны қайтарып алып, өзге құрылыстарға жұмсау мәселесін де көтерген еді. Алайда, балабақшаның құрылысын жалғастырған жергілікті жаңа мердігер компания «Шығысстройиндустрия» ЖШС директоры Владимир Старцев жылдың соңына дейін тапсыруға уәде беріп отыр. Қазір 150 адам жұмыс істеп жатса, алда олардың саны екі есеге дейін артпақ. Ал қала әкімі Жомарт Мұратовқа құрылысты үзбей бақылауға алу жүктелді.
Риддер қаласына жұмыс сапарының аясында аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға алдын ала жазылған екі тұрғынның мәселесі де жеке бастың қамынан гөрі әлеуметтік маңызға ие болып шықты.
Алдымен қабылдауға кірген Майра Шәкірқызы Үлбі өзені көктемгі су тасқыны кезінде жағалауға жайылып, Ульбастрой кентінің тұрғын баспаналарына, «Қазақстан» саяжай бірлестігіне, Риддер мен «Лениногорский» демалыс базасы аралығындағы жолға қауіп төндіретінін мәселе етіп көтерді. Ал Григорий Наговицын «Алматы – Защита» бағытындағы жолаушылар пойызы Өскемен қаласына кешкі сағат 20.44 кезінде келетінін, ондағы Риддерге баратын жолаушылар облыс орталығынан 19.00-де аттанып кететін соңғы автобусқа үлгермейтіндігін, аталған пойыздың маршрутын Алматыдан Лениногорск станциясына дейін ұзарту қажеттілігін жеткізді.
Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған облыс басшысы бірінші проблеманы шешу үшін арнайы комиссия құрылатындығын айтты. Сол комиссияның шешіміне сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Ал пойыздың маршрутын ұзартуды қарастыру облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Берік Бейсекеновке тапсырды.
Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімі Риддер қаласындағы тұрғын үй құрылысы бойынша да сала мамандарының қатысуымен жиын өткізді. Банктің облыстық филиалының директоры Айнұр Мейірбаеваның айтуынша, Риддер қаласындағы банктің 800-ге тарта салымшысының 300-і банк арқылы баспана алуға толық қабілетті. Сонымен бірге риддерліктердің жалақысы облыс бойынша ең жоғары болып саналады екен.
Қала әкімі Жомарт Мұратов қазіргі кезде 60 пәтерлік тоғыз баспананың жобалық-сметалық құжаттамалары дайын екендігін жеткізді. Қаржы болса, соның екеуін келесі жылы бастап кетуге мүмкіндік бар. Жиын қорытындысы бойынша 2017 жылға екі үйдің құрылысы үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлуге шешім қабылданды. Пәтерлер «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс банкінің» желісі бойынша тапсырылмақ. Ал қала әкіміне құрылысты сапалы жүргізетін мердігерді тауып, барлық процедураларды ойдағыдай ұйымдастыру керектігі айтылды.
Бұдан кейін Риддердегі хоккей модулін спорт модуліне бейімдеп қайта құрылымдау жұмыстарымен танысқан облыс басшысы мердігер мекеме «БЕКИ» ЖШС басшысына спорт нысанының еденін сапалы етіп қайта жасауды тапсырды. Себебі, блок кірпіштердің үстіне бекітусіз орнатылған еден біраз уақыттан соң сыр беруі әбден мүмкін. Мұнда да қала басшылығына нысан жыл соңында қолданысқа берілгенше үздіксіз бақылауға алу тапсырылды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Риддер қаласына жұмыс сапары кезінде «С.Н.Дудкин» шаруа қожалығының 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының базасында Риддер қаласына қарасты шаруашылықтардың тауарлы-сүт фермаларын құру, мал бордақылау, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру жобаларымен танысты.
Бұл күнгі жұмыс сапарының соңғы нысаны ретінде облыс әкімі Риддердегі «Синегорье» демалыс базасына тоқтап, мұнда арнайы ұйымдастырылған облыста туризмді дамыту бойынша қолға алынған жобаларды аралап көрді. Соның ішінде алматылық кәсіпкерлер қолға алып отырған «Arman Village» жобасы бойынша бизнес-жоспар құрып, оны қарастыруды тиісті облыстық басқармаға тапсырды.
– Облыстың, оның ішінде Риддердің туристік әлеуеті өте үлкен. Оған Алматыдан өзге де өңірлерден кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Жақында Қытайдың көршілес өңірлерімен бұл бағытта маңызды келіссөздер жүргізетін боламыз. Қытайлық туристер тобы бұған дейін Үржар, Зайсан аудандарында, Өскемен қаласында болып кетті. Олар да осында жобалар іске асыруға ынталы. Қалада тұрғын үй алуға қызығушылық жоғары. Оны біз банкпен бірлесе отырып іске асырамыз. Қалада құрылыстың қарқын алғаны қуантады. Балабақша, спорт модулі құрылысы биыл аяқталады. Келер жылы қаладағы сегіз мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қысқа әзірлік те ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Көп жұмысты қажет етсе де, ауылшаруашылық саласы алға басып келеді. Салалық жобаларға қолдау көрсетілетін болады. Бұл ретте қала басшылығы өз міндеттерін ойдағыдай атқарып отыр, - деді жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Дәурен Аллабергенұлы
"Дидар" газеті