02 жел, 2025 сағат 15:37

Reuters: Трамп Мадуроға Венесуэланы тастап шығуға бір апта берген

Фото: News.ru

Венесуэла президенті Николас Мадуро қараша айының соңында Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, АҚШ тарабынан қауіпсіздік кепілдіктерімен елден кету мүмкіндігін іс жүзінде жоғалта бастады, деп хабарлайды Reuters дереккөздерге сілтеме жасап.

Президенттер 21 қарашада сөйлескен. Бұл кезде АҚШ Венесуэлаға қысымды күшейтіп, Кариб теңізіне әлемдегі ең ірі "Джеральд Форд" әуе кемесі бастаған әскери эскадра жіберген болатын. Олардың әңгімесі шамамен 15 минутқа созылған.

Reuters-тің үш дереккөзіне сүйенсек, сөйлесу барысында Мадуро Трампқа егер өзіне және отбасы мүшелеріне салынған санкциялар алынып, құқықтық амнистия берілсе, отставкаға кетіп, Венесуэланы тастап шығуға дайын екенін айтқан. Сондай-ақ ол ел басшылығындағы шамамен жүз адамға да амнистия сұраған.

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, Трамп бұл шарттарға келіспеген және Мадуроға елден кету үшін бір апта берген. Бұл мерзім 28 қарашада аяқталды, содан кейін Трамп Truth Social желісінде Венесуэла әуе кеңістігінің жабылғанын жариялады.

Reuters дереккөздерінің мәлімдеуінше, Мадуро әкімшілігі Трамппен тағы бір әңгіме өткізуді сұраған, бірақ келісімге әлі келе алмаған.

АҚШ Венесуэланы және оның президентін есірткі саудасына жол береді деп айыптайды және есірткі тасымалдауы мүмкін деген кемелеріне үнемі соққы жасап отырады. Венесуэла бұл айыптауларды теріске шығарып, АҚШ қысымын Мадуроны биліктен кетіруге бағытталған әрекет деп санайды.