Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2020 жылғы І тоқсандағы ҚР мемлекеттік бюджетінің атқарылуы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 89,9%-ға, оның ішінде республикалық кірістер 78,8%-ға, жергілікті бюджеттер 121,4%-ға орындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджеттің кірістерінің өсу қарқыны 101,2%, жергілікті бюджеттер 133,1% құрады.
Сыртқы факторлардың экономикаға теріс әсерінен республикалық бюджеттің кірістері 10,5%-ға (89,5%) төмендеді. Жоспар 378 млрд теңгеге орындалмады. Олар негізінен салықтар есебінен қалыптасты. Салықтардың орындалмауына келесідей сыртқы факторлар әсер етті.
Біріншіден, коронавирус эпидемиясынын таралуы импортқа салынатын қосылған құн салығының көлеміне теріс әсерін тигізуде. Атап айтқанда, үшінші елдерден әкелінетін импорт көлемінің қысқаруы $87 млн құрайды. Импорттың қысқаруына байланысты 11,4 мың салық төлеушілерден салық түсімдерінің көлемі 49,1 млрд теңгеге азайды, олар негізінен көтерме және бөлшек сауда – 6,5 мың салық төлеуші, өңдеуші өнеркәсіпте – 1,3 мың, тау-кен өнеркәсібінде – 130 салық төлеуші. Бұдан басқа, есепті кезеңде Қытайдан келетін автокөлік құралдарының саны 29%-ға азайды.
Екіншіден, сыртқы нарықта негізгі экспорттық позициялар бойынша бағалардың төмендеуі: шикі мұнайдың – 22,1%-ға, мырыштың – 20,8%-ға, мыстың – 9,4%-ға, алюминийдің – 9,7%-ға, қорғасынның – 10,1%-ға және феррохромның – 11,6%-ға төмендеуі корпоративтік табыс салығының азюына әсерін тигізді.
Үшіншіден, кәсіпкерлік белсенділігінің төмендеуіне байланысты ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар 132 млрд теңгеге орындалмады.
«Қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан, бизнес алдындағы өз міндеттемелерімізді уақтылы орындадық. Есепті кезеңде оларға 193 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы қайтарылды. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 84 млрд теңгеге көп», — деді Ә. Смайылов.
8 сәуірде қабылданған нақтыланған республикалық бюджетте кірістер бойынша жылдық жоспар 6,4 трлн теңге сомасында бекітілді
Жергілікті бюджетердің өз кірістері 134 млрд теңгеге артығымен орындалып, 759 млрд теңгені құрады. Асыра орындалу негізінен салықтар есебінен қалыптасты – 127 млрд теңге. Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды.
Ә. Смайылов атап өткендей, мемлекеттік бюджет шығыстары 98,7%-ға, республикалық 99,5%-ға, жергілікті бюджеттер 97,7%-ға атқарылды.
«Республикалық бюджет шығыстары 2,9 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 109,8% құрады», — деді Ә. Смайылов.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1,2 трлн теңгеге игерілді. Есепті кезеңде 512 аудиторлық іс-шара жүргізілді. Оның барысында 249 млрд теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды. Нәтижесінде 91 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Тексеру барысында тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есеп бойынша көрсету жолымен 84 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілерінің қызметтерін жетілдіруге және тиімділігін арттыру үшін 470 ұсыныс берілді. Оның 361 орындалды.
Жалпы сомасы 5,2 трлн теңгеге 881 мың мемлекеттік сатып алу процедуралары камералдық бақылаумен қамтылды. Нәтижесінде 250 млрд теңге сомасындағы бұзушылықтарға жол берілмеді.
2016-2020 жылдардағы кешенді жекешелендіру жоспарының іске асырылуы 93,2% құрады. 2020 жылға 68 объектіні сату жоспарланған. Оның 37-сі сатылуға қойылды. Есепті кезеңде 6 объект 3,2 млрд теңгеге сатылды. 31 объекті сауда-саттыққа шығарылды. 3 объекті қайта ұйымдастыру және таратуға жіберілді. 28 объекті жылдың аяғына дейін сатылуға шығарылады.
«Қаржы министрлігінің алдына тұрған басты мақсаттарының бірі – ол тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақтыланған бюджетте әлеуметтік салаға, кәсіпкерлерді қолдауға қарастырылған қаражаттардың түпкілікті алушыларға уақытында жетуін қамтамасыз ету. Жыл ішінде кірістердің өсу қарқынын төмендетпей, нақтыланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ететін боламыз», — деді Ә. Смайылов.