Республикалық бірқатар спорт нысанының тозығы жеткен. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз де білетіндей, қазіргі уақытта ведомствоға қарасты барлық ұйымды аралап жатырмыз. Басты міндет – барлық проблемаларға қатысты мән-жайды толық қалыптастыру. Содан кейін оларды кезең-кезеңмен шешу жоспарын әзірлейміз.Бұл мәселені жауапты вице-министр тікелей бақылауында ұстауы тиіс», - деді Абаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның дерегінше, елордада орналасқан «Сарыарқа» республикалық велотрегі мен «Алатау» спорт кешеніне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
«Велотрек салдық, тамаша ғимарат. Қазірдің өзінде айтардықтай күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол жерде бірде-бір ірі деңгейдегі іс-шараны өткізе алмаймыз. Велотрек барлық әлемдік стандартқа сай келеді. Бірақ, шатырынан су ағып тұр. Біз ол жерде іс-шара өткізе алмаймыз. Немесе Азиадаға салған «Алатау» кешені бүгінде жартылай апаттық жағдайда тұр. Қабырғалары жарылған. Барлық мән-жайын анықтау қажет. Әрине, қандай да бір қаржы қаражатын соған жіберетін боламыз. Ғимаратымыз бар, енді оларды ретке келтіру керек», - деді министр.