Ресейде бокстан Санкт-Петербург губернаторының кубогында қазақстандық Бекзат Нұрдәулетов жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ол 81 келі салмақта өзбек боксшысы Дилшод Рузметовпен қолғап түйістірді. Төрешілер бірауыздан жеңісті Бекзатқа берді. Осылайша отандасымыз жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.
Екі боксшы бұған дейін де шеберлік байқасқан болатын. Екеуі 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында әлем чемпионатында шаршы алаң төрінде тайталасқа түсті. Сол жолы қазақстандық спортшы қарсыласын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетелік, бүгін қазақстандық тағы екі боксшы жартылай финалға шықты.
Айта кетейік, халықаралық турнирде әлемнің 15 елінен 100- ге тарта боксшы келді. Қазақстан атынан жарысқа 9 салмақта 10 былғары қолғап шебері аттанды. Олардың арасынан 19 сәуірде Закир Сафиуллин 63 келіде қарсыласына есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.