«Ядролық қарусыз әлем құру» атты Халықаралық конференция аясында өткен панельдік сессия барысында Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников өз елінің ядролық қарусыздандыру саласындағы жұмысы жайында баяндап, қаруды қай уақытта пайдалана алатынын жеткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Елшінің айтуынша, Астанадағы конференция Ядролық қарудан жаппай бас тарту келісімін рәсімдеу қажеттігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
«Алайда, ол құжат күшіне енуі үшін 8 негізгі мемлекетің қолы қажет. Олардың ешқайсысы әлі ол келісімді рәсімдеген жоқ. Өткен жылы осы мәселеге арналған конференцияда арнайы декларация мен нақты шаралар жоспары қабылданған болатын. Ресей оның бәрін қолдап, іске асыруға даяр. Қазақстан мен Жапония осы жұмыстың үйлестірушісі», - дейді М.Бочарников.
Бүгінде Ресей Федерациясы ядролық қарудан біртіндеп бас тарту бастамасын қолдайды. Ондайда барлығына бірдей қауіпсіздік шаралары сақталуы қажет. Сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы БҰҰ-ның халықаралық құжаттары негізге алынуы шарт. Осы уақытқа дейін Ресей ядролық қару-жарақты азайту саласында айтарлықтай жұмыс атқарды.
«Біз ядролық зымырандардың екі санатын толығымен жойып тастадық. Ол қару-жарақтың ұшу қашықтығы 500-5500 шақырым болған. Стратегиялық шабуылдаушы техника соңғы 50 жылда ең төменгі деңгейге дейін азайып отыр. Ал стратегиялық емес қару-жарақтарды мүлде алып тастап, қоймаға қотарып қойдық. Ресейдің әскери доктринасында ядролық қаруға көп басымдық берілмейді. Оны теориялық тұрғыда тек екі жағдайда ғана қолдану қарастырылған. Егер Ресей мен оның одақтастарына қарсы жаппай қырып жоятын қару қолданылса немесе қарапайым қару-жарақты қолдану арқылы мемлекеттің өміршеңдігіне қауіп төнген жағдайда. Ондай позицияны басқа мемлекеттер де ұстанады. Олардың ішінде Америка да бар», - дейді М.Бочарников.