ММА спортшысы Бағдат Дүйсембаев Мәскеудің оңтүстігіндегі фитнес-клубтың күзетшісімен қақтығыс кезінде оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Кеше Орджоникидзе көшесі, 10а мекенжайындағы фитнес-клубтың күзетшісімен болған жанжал кезінде ММА спортшысы Бағдат Дүйсембаевтің кеуде тұсына оқ тиген. Зардап шегуші Н.И.Пирогов атындағы қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды», - деп таратты ақпаратты ТАСС ақпарат агенттігінің дереккөзі. Бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Ресей ІІМ 16 ақпанда Орджникидзе көшесінде екі ер адам арасында туындаған жанжал фактісі бойынша тексеріс басталып кеткенін мәлімдеді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалдасушылардың бірі травматикалық қару қолданған. Жәбірленуші көмек алу үшін медициналық мекемеге жеткізілді, оқ атқан адам қашып кетті», - деп хабарлады бас кеңседен.
Бағдат Дүйсембаев – Қазақстан тумасы, оның негізгі спорт түрі – еркін күрес. Спортшы жеті жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде жеңіліп, біреуін тең аяқтады.