«Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ Жамбыл облысында рельстен шығып кеткен жүк вагондары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдын ала болжам бойынша, 28-ші вагонның бүйір рамасының сынуы пойыздың апатқа ұшырауына әкеп соққан. Бұл раманы «Азов Электросталь» зауыты 2009 жылы шығарған. Жалпы есеппен 11 вагон рельстен шықты, барлығына кен қазбалары, ағаш тиелген. Бұл вагондардың иелері - қазақстандық, ресейлік және эстониялық компаниялар», - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы Марат Шәкенов ҚТЖ ғимаратында өткен брифингте.
Оның айтуынша, аталған жол бөлігіндегі қозғалыс толық қалпына келтірілді және пойыздардың жүруіне еш шектеу болмауы тиіс.
Еске сала кетсек, Сарышаған стансасында жүк пойызының вагондары (Қашқантеңіз-Жастар аралығындағы Мойынты-Шығанақ бөлігінде келе жатқан №2009 пойыз) рельстен шығып кетіп, бес жолаушы пойызының қозғалысы тоқтатылған еді. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеді.
Вагондардың рельстен шығып кетуіне «Исткомтранс» ЖШС-на тиесілі 28-вагонындағы бүйір рамасының сынып кетуі себеп болған.
Заңға сәйкес, барлық келтірілген шығынды жүк вагонының иесі өтейді. Сондай-ақ, апат салдарынан уақытша тоқтатылған 5 пойыздың жолаушыларына өтемақы төленеді.
Еске сала кетсек, маусым айында Жамбыл облысында «Астана-Алматы» бағытындағы пойыздың 8 вагоны рельстен шығып, бір жасөспірім мерт болған еді.