06 мау, 2022 сағат 00:29

Референдум күні тарихқа айналып барады - сарапшы


Алматы қаласы бойынша бақылаушылардың капитаны, «Қоғамдық жоба» ҚБ директоры Александр Иванович Братенков, «Азаматтық бастамалар орталығы» үкіметтік емес ұйымының штаб-пәтерінің жетекшісі Ботагөз Құдышева Алматыда сайлаушылардың қатысу көрсеткіші айтарлықтай жоғары болды деген пікірде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ботагөз Құдышеваның айтуынша, байқаушылардың көп болуы бұл сайлау процесінің ашықтығы, жариялылығы мен сапасының артуына әсер етті. 

«Көптен күткен референдум күні тарихқа айналып барады. Біз, үкіметтік емес ұйым өкілдері, Жаңа Қазақстанды әрқайсымыздан, өзіміздің ішкі көзқарасымыздан бастау керек екенін сездік. Сондықтан референдумға өз үлесімізді қосуды ұйғардық және Алматыдағы барлық 507 ашық референдум учаскелеріне 1500-ден астам тәуелсіз байқаушыларды дайындадық. Бұл байқаушылардың барлығы бүгін осы сайлау учаскелерінде референдум комиссияларымен бірге болды», - деді спикер. 

Александр Братенков атап өткендей, бүгін Қазақстан халқы өзінің патриотизмін көрсетіп, референдумға қатысты. 

«Алматы қаласында және жалпы елімізде өткен Референдум біздің халқымыздың белсенділігі өте жоғары екенін растады. Бүгін белгілі бір қорытындылар туралы айтуға болады», - деді Алматы қаласы бойынша Бақылаушылар капитаны. 

Оның пікірінше, сайлау процесінің барлық белсенді қатысушыларының, әсіресе, сайлаудың заңдылығын қалыптастыратын байқаушылардың кәсіби деңгейін арттыру қажет. 

Александр Братенков заңнамаға электронды, қашықтан дауыс беру сияқты сайлау қызметінің кейбір жаңа құралдарын енгізу керек екенін тілге тиек етті. 

«Адамдарды тәрбиелеуде жұмыс істеу маңызды. Мысалы, кейбір адамдар өздерін тізімнен таба алмай, дауыс беруден шеттетілді деп ойлады. Кейбір алматылықтар сырттай бюллетень арқылы дауыс беруді дұрыс түсінбеді. Барлығымыз сайлау мәдениетін көтеруіміз керек. Біз бұл сабақтарды үйренеміз және әлеуетті бақылаушылардың контингентін кеңейтеміз. Референдум сияқты айтулы оқиғалардың жекелеген топтар тарапынан беделін түсіргенін қаламас едік», - деді ол. 

Оның айтуынша, жалпы Алматы бойынша айқын бұзушылықтар тіркелген жоқ, бірнеше күмәнді сәттер болды. 

«Референдум комиссиялары мүшелерінің тарапынан да жүйелі бұзушылықтар болған жоқ. Учаскелік комиссиялар кәсіби болса, бақылаушылар талапшыл болды»,- деді Александр Братенков.