06 қаз, 2024 сағат 11:28

Референдум: Ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды


Фото:qazaqtimes.com

Республикалық референдумды өткізу кезінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін Ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Ел бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға 33 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды. Оның ішінде 18 мыңы 10 мыңнан астам (10 249) референдум учаскесінде қызмет атқаруда. 

"Қазіргі уақытта, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілген жоқ. Мемлекеттік органдармен (әкімдік, ҰҚКД, ТЖД) бірлесіп, референдум учаскелерінде алдын ала комиссиялық тексерулер жүргізілді. Олардың техникалық талаптарға сәйкестігі, өртке қарсы қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғалуы қаралды. Бұл нысандардың барлығы тәулік бойы күзетке алынды", -деп отыр ҚР ІІМ ресми өкілі  Шыңғыс Алекешев.


ІІМ өкілі қазіргі уақытта, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілмегенін айтып отыр.

Сондай-ақ, барлық жеке құрам құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі іс-қимыл алгоритмімен қосымша таныстырылып, оларға нұсқау берілген.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес полиция қызметкерлерінің референдум өткізу процесіне араласуға, сондай-ақ, дауыс беруге арналған үй-жайларда болуға құқығы жоқ.

Олар қоғамдық тәртіптің бұзылуына ден қою үшін дауыс беру залына комиссия төрағасының шақыруымен ғана келеді («ҚР-дағы сайлау туралы» ҚР Заңының 39-бабының 3-тармағы).

Азаматтар сайлау және республикалық референдум туралы заңнаманың бұзылуы туралы өтініш түсірген жағдайда, Ішкі істер органдарының кезекші бөліміне ақпарат жіберіліп, прокуратура органдары хабардар етіледі.

"Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау - Ішкі істер органдарының негізгі міндеті екенін әрқашан есте ұстаған жөн. Қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне немесе «102» арнасына хабарлау қажет.Ішкі істер министрлігі  өзіне жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді", -деп мәлілдеді ІІМ өкілі.

ҚР БП Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қараманов референдум күні, яғни бүгін үгіт-насихатқа тыйым салынғанын еске салды. Сондай-ақ, сауалнама нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейді.

"Учаскелік комиссиялардың дауыс беруге арналған үй-жайларда осындай сауалнамалар жүргізуіне де тыйым салынады. Осы талаптарды сақтамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптары бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Қазіргі уақытта мұндай фактілер туралы хабарламалар болған жоқ", - деді спикер.

Бекжан Карамановтың айтуынша, референдум туралы барлық өтініштерді соттар мен прокуратура органдары бүгін дереу қарайды.

"Жалпы референдум құқықтық аяда өтіп жатыр. Референдум комиссиялары мен мемлекеттік органдар тарапынан бұзушылықтар тіркелген жоқ. Референдум өткізудің заңдылығын қадағалауды жалғастырамыз", - деп түйіндеді Бас прокуратура өкілі.