10 там, 2020 сағат 13:31

Рауан Кенжеханұлы: Абай – халқымыздың рухани байрағы

Абай – уақыт пен қоршаған ортадан жоғары көтеріліп, жалпы адамзаттық ұлы құндылықтар деңгейіне жеткен рухани байрағымыз. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, Абай күнін белгілеуге, Абайдың рөлін айқындауға мемлекеттің, Президенттің назар аударуы өте дұрыс және қажет дүние. Өкініштісі, Абай еліміздегі бас ақын екені туралы ғана айтылатын кезең де болған. Ал шын мәнінде Абай - уақыт пен қоршаған ортадан жоғары көтеріліп, жалпы адамзаттық ұлы құндылықтар деңгейіне жеткен рухани байрағымыз. Абай өз туындылары арқылы мәңгілік құндылықтар туралы айтып, қалай өмір сүру керектігі туралы жол көрсеткен. Ол ар-ожданды жоғары қойып, адамзаттың бәрін бауырындай жақсы көру керектігін насихаттады. Оның ұлылығы осында», - дейді Рауан Кенжеханұлы. 

Оның айтуынша, Ұлттық аударма бюросы Абайдың шығармаларын 10 тілге аудару жұмысына басшылық етуде.

«Жауапкершілікті сезіне отырып, аударманың сапасы жақсы болуы үшін қолдан келгенннің бәрін жасадық. Жұмысқа 10 тіл мен мәдениетін жақсы білетін беделді басылым ұйымдары тартылды. Бұл жұмыс 10 мемлекеттің астанасында тәжірибелі ғалымдар мен лингвист, әдебиеттанушылардың көмегімен жүзеге асты. Жұмыс аяқталып қалды. Жобаға қатысушылардың бәрі Абай мұралары арқылы Қазақстан мәдениетін насихаттап жүрген беделді адамдар», - дейді ол.