Сүлейман Демирел университетінде тарих ғылымынң докторы Мәмбет Құлжабайұлы өз баяндамасында Отан тарихының қазіргі мәселері туралы айтқан болатын. Баяндамада профессор: "Алаш қозғалысына байланысты мысал ретінде Кеңес үкіметінің XX ғасыр басындағы қазақ ұлт азаттық қозғалысына жасаған қиянатын айтар едім. Біріншіден, кеңес үкіметі өзін Қазақстандағы заңды билік иесі ретінде жариялап, орнықтырды. Шын мәнінде оның саяси заңдық негізі күмәнді болатын. Менің түсінігім бойынша, Кеңес үкіметінің заңдық негізі жоқ болатын. Кеңестік тарихнама бұл мәселені біржола жауып тастады. Осы ретте мынадай жағдайды ескерген жөн. Кеңес үкіметінің алдындағы патшалық билікті де заңды үкімет ретінде қабылдау біздің санамызға әбден сіңіп қалған. Ал патша үкіметінің қазақтарда заңдық негізі жоқ болатын. Бір жағында - Анна Ионновна, екінші жағында қазақ, ат төбеліндей қазақ билеушілері тұрды. Солар келісімшартта бармағын басты. Біз патша үкіметін қабылдаймыз деп, ешкім референдум жасап, қазақ халқы дауыс берген жоқ. Патшалық билік менің түсінігім бойынша, ол сырттан келген акупациялық билік болатын", - дейді.
Әрине, тарихшы ойының жаны бар. Қазақ тарихында әлі де зерделей түсетін, нақты тұжырымға негіздейтін жайттар жетерлік. Қоғамдық сананың қайта түлеуі уақыт еншісінде. Ал біз аталған мәселеге қатысты саясаттанушы Расул Жұмалымен аз-кем әңгімелескен едік.
- Саясаттанушы ретінде Мәмбет мырзаның айтқанымен қаншалықты келісесіз?
- Мен Мамбет Қойгелдиев мырзаның айтқан пікірімен толықтай келісемін. Себебі, сөз болып отырғаны – отарлау, бодандау саясаты. XVII – XVIII ғасырдан бері осы Түркістанға, Орталық Азияға қатысты Ресей империясының жүргізгендігі. Оған қатысты біздің бүгінгі сараптамалық орталарда, білім беру орталарында ресейлік, орыстық пікір қалыптасқан. Өз қалпымен келген, бұның бәрі өркениетті жағдайда. Әрине, шын мәнісінде тарихи адалдықпен шындыққа жанаспайды.
- Қоғамда осы мәселеге қатысты қандай пікір қалыптасқан?
- Біздің жиі еститін стереотиптердің ішінде, бұл қазақ жүздерінің, қазақ руларының Ресейге барып өз еркімен қосылуы. Өз еркімен қосылу болғанда, бұл жекелеген хандардың, сұлтандардың сол кездегі бастамасы болды. Бірақ бұл толықтай қазақ халқының, бүкіл қазақ зиялыларының таңдауы болды деп айту қиын. Шын мәнісінде бірінші жағдай - осы. Өз еркімен деген жағдай бұл өте шартты түрде орындалған дүние. Себебі, іс жүзінде көбіне күшпен басып алу, бағындыру саясаты жүрді. Біріншіден, тіпті сол бодандық кезде Ресеймен бірнеше xан-сұлтандар келісімге келді. Олардың өздерін, шартты түрде бір заңдық құжаттар деп қабылдаған күннің өзінде де көптеген қарама – қайшылықтар бар.
- Шартты түрде құжат қабылданса да, қарама-қайшылықтар болуының себебі неде?
- Себебі, Әбілхайыр болсын, басқада қазақ басшылары болсын сол кездегі, олардың Ресей патшаларымен құрған одағы немесе құрған келісімінің негізгі баптарына қатысты еді. Рас, саяси басшылығын мойындаймыз. Есесіне Ресей біздің аумақтық тұтастығымызды кепілге алады. Түрлі сыртқы бір нәубеттерден қорғап қалуға күш салды. Қазақстанның басқару жүйесіне дәстүрлі, хандық, діни басқа да басқару жүйесіне қол сұқпайды. Сауда, экономикалық ынтымақтастық орнайды. Яғни, қазақтың деніне қазақ мемлекетінің ол кездегі тыныс – тіршілігіне қол сұғушылық болмайды деген әңгімелер, сол келісімдерде шын мәнісінде орын алды. Бірақ, бертін келе ол келісімдерде патша үкіметі тұрғанын біз еш жерден көрмейміз. Қайта күшпен басу, сұлтандарды жою, хандық жүйені мүлде алып тастап, Ресейлік губерниялық басқару жүйесін құру, қазақ азаматтарын кепілдікке алу, оларды мәселен, Бірінші дүниежүзілік соғыста Ресейдің жағына соғысқа тарту бұның барлығы да – заңсыз дүние. Сондықтан, әрине ресейлік замандағы да, бұл жердегі саяси көрінісі қай заңмен алғандағы жергілікті, халықаралық, адами, діни заңдар бойынша немесе құндылықтар бойынша ешбір түсінікке, ешбір заңдылыққа жатпайды. Дәл сол оқиға, Кеңес үкіметінің заманында болды. Себебі, қалай болғанда да Кеңес одағының мирасқоры саяси тұрғыдан да, аумақтық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да бұл – Ресей болды. Тек қана атын өзгертсе де, дені құрылымы дәл баяғы Мәскеу басқаратын, басқасы артынан еріп жүретін соның бодандары болды. Дәл осындай жағдайда 70 жыл болды. Оның конституциясы қабылданып, онда бірталай сол Кеңес одағына енген республикалардың құқықтары, лауазымдары белгіленді. Бірақ, бұл құжаттар 1924 – ші жылы 1932 – ші жылы 1977 жылы қабылданған конституцияда Кеңес одағының бұл мәселелердің 100 пайызы сөз жүзіндегі формалды дүние болды.
- Сөз жүзінде формалды болған мәселелерге қандай мысал келтіресіз?
- Оның ішінде мысалы, Қазақстанның басқа да ұлттық республикалардың өзіндік басқару жүйесі болу керек болды. Өзінің мәселелерін өзі шешетіндей лауазымдары белгіленген болатын. Тіпті Кеңес одағынан шығып кету – құқығы болды. Бұлардың бәрі заңда белгіленді. Бірақ іс жүзінде біреуі де іске асқан жоқ. Саясат, білім беру жүйесі, денсаулық сақтау, экономика барлық сала біздің басшыларымызды тағайындауға дейін, бұның барлығын жекелеген Мәскеу ғана шешіп отырды. Сондықтан бұның өзі де - заңсыз басқару жүйесі.
- Қазіргі кезде аталған мәселелердің маңызы қандай?
- Қазіргі кезде бұл дүниелерді ақты ақ, қараны қара деп атау меніңше, тарихи шындық үшін де қажет. Өзіміздің тарихымызды дұрыс түсінуіміз үшін, тарихымызда қандай осындай нәубеттер болғанын білу үшін қажет. Бұл бүгінгі Ресей мемлекетіне күйе жағуды білдірмейді. Бұл тарихи шындық. Тарихқа ешкім қарсы тұра алмайды. Болған істі қалай болды, солай атау керек. Және Ресей кезінде осындай отарлықты жасаған, осындай тарихи шындықты мойындау керек. Шындықты қайта–қайта жалған мәліметтермен бүркемелей беруден ештеңе шықпайды. Мұндай келеңсіз дүниелермен кезінде басқа да мемлекеттер айналысты ғой, тек Ресей ғана емес. Ұлыбритания, Франция сияқты. Бірақ заман өте отарлық жүйе ыдырағанда, олар өздерінің кінәсін мойындады. Мысалы, Үнді халқына қарсы Американың қысым жасағаны. Комбинация жасау, істеген қателіктерін ақтау секілді әрекеттер Америкада байқалады. Ресейде осындай әрекеттер болу керек. Бұл Ресейге деген бүгінгі өшпенділікті күшейту шарты емес немесе оның бастамасы емес. Бұл тарихи шындықты, өзімізді – өзіміз танудың жолы.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен: Кішенова Мөлдір,
Сулейман Демирел университетінің 1 курс студенті
Ұлт порталы