Діни радикализм қоғам арасында қазақ халқының дүниетанымына жат идеологияны таратып, алауыздық тудырса, оларды топ-топқа бөліп, қоғамның берекесін қашырса, еліміздің ішкі діни ахуалының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төнуі мүмкін. Діни радикализмнің емі – діни және зайырлы құқықтық сауаттылық. Осыған орай, дерадикализациялау іс-шарасы қазіргі азаматтық қоғамда өзекті тақырыпқа айналып отыр.
Айтылған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін мемлекет пен азаматтар дәстүрлі рухани құндылықтарды, төл мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық дүниетанымды жаңғырта отырып, радикализмнің кез келген түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құру – уақыт талабы. Қоғамның қозғаушы күштерінің бірі болып есептелетін діннің адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынаста өзіндік орны бар. Жақсы қасиетімізді ұштап, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге, мемлекеттің тұтастығына кері әсер ететін, елдігіміздің шырқын бұзатын діни радикализм сияқты қасіреттен сақ болу – әрбір азаматтың абыройлы борышы. Деструктивті діни ағымдар қоғамдық тыныштыққа, ұлттық қауіпсіздікке, отбасы тыныштығына, адамның жаны мен тән саулығына, тұлғасы мен кісілігіне, ары мен намысына, құқы мен еркіне өте үлкен қатер тудырады.
Сөз орайында радикалды ағым ұстанушыларының белгілері мен ерекшеліктерін айта кетсек:
олар біріншіден дәстүрлі діни танымға қайшы ілімі мен ұстанымы арқылы ерекшеленеді;
басқа діндер мен дін өкілдеріне «Құдайдың қарғысы атқан» деген сыңайдағы сын айтуға құмар;
деструктивті діни ұйым лидері каризмасы бар шешендік өнерін жетік меңгергендер қатарынан шығады; миссионерлік әрекеттерінде өте белсенді: кез келген кеңістікте уағыз айтып, кітаптар таратып, бұқаралық ақпаратта да белсенді келеді;
тренингтер мен мәжілістерді ұйымдастыру барысында өзіне керекті адамдардың типін адаспай таба алады;
деструктивті діни ағымға жаңа келген жастар мен жасөспірімдерге ерекше көңіл бөледі, қамқорлық жасайды;
арнайы психотехникалық-методологиялық кешенді жүйесі бар, арнайы бағдарламалық курсы да қамтылған;
өз өкілдері мен мүшелерінің келбетін, мақсатын, аты-жөнін өзгертіп, рухани статус не атақ беруге, арнайы культтік киім формасы мен ритуалдық заттарды тасуға ден қояды;
деструктивті діни ағым өкілдері арасында темірдей діни тәртіп пен өзара иерархиялық қатынас орнатылады;
әлеуметтік аз қамтылған отбасы немесе топтарға қайырымдылық жасауда дархандық танытып, оларды өз орталарына оңай тартып алады;
деструктивті діни ағым мүшелерінен арнайы бекітілген мөлшерде ұдайы жарна, төлем, «құрбандық садақа» салынады;
өз мүшелеріне арналған ұғынықты ортақ терминдер арқылы көмкерілген әдебиеттер мен нұсқаулықтар таратады;
қатарына жастарды көптеп тарту мақсатында заманауи әдістермен ұйымдастырылған діни мәжілістер сериясы бар;
білім беруге деген ерекше қызығушылығына қоса, өздерінің жеке жатақханалары мен асханалары, оқу орталықтары мен курстары бар;
білім беру, мәдениет ошақтары мен кітапханаларға тегін кітап сыйлау жұмыстарын үрдіске айналдырады;
өздерінің балабақшалары, жазғы лагерлері, жағажай, жастар мекемелері арқылы жаңа мүшелер мен өкілдерін арбау-алдаумен қатарларына қосып толықтырып отырады;
ұлттық құндылықтарды, барлық ұлттар мен этностардың дәстүрі мен салтын, дәстүрлі діни танымын (наурыз, беташар, сәлем салу, зиярат, рух-әруақ түсінігін, жеті шелпек тарату, қабірге құран бағыштау, әулиелерге және т.б.) жоққа шығарады;
мемлекеттік саясатқа, оның жүйесіне, құқықтық-конституциялық негіздеріне, зайырлылық ұстанымына, азаматтық өмір салтына төзімсіздігі агрессиялық сипатқа ие;
ұлттық және мемлекеттік мерекелерге, марапаттар мен символдарға, таңбалар мен әнұранға қарсы;
қазақ болмысының мәні – Матуриди діни танымына, ханафи фикх ерекшеліктеріне, жалпы мазхаб ұстанымына қарсы, мұсылмандық негіздерге бидғат, ширк, куфр деп қарайды;
басқа дін өкілдеріне, еш дінге қатысы жоқтарға өшпенділікпен қарайды;
мәдениет, өнер, ғылым мен философиялық танымға, музыкаға, балет, сурет салуға қарсы агрессиялық психологияны ұстанады;
Конституция, заң нормалары мен міндеттерін орындаудан бас тартады, әскерден қашады, міндетті зайырлы білім беру жүйесіне қарсы, ғылыми таным нәтижелеріне, медициналық процедуларға, екпеге, қан құюға, трансплантацияға қарсы, зайырлы мектеп бағдарламалары мен кейбір пәндерге деген қайшылықты ұстанымдары бар.
Елімізде соңғы кездері диструктивті діни ағымдар мен секталардың, радикалды ағымдардың саны артып отыр. Қоғамда дәстүрлі емес, экстремистік, радикалды, мистикалық, экумендік ағым өкілдері ең маңызды қоғамдық және саяси мәселелердің негізіне руханият жататындығын жақсы болжап отыр. Сондықтан олар діни таным негізінде, жалпы дін құбылысы арқылы қоғамда жік тудырып, тыныштық пен тұрақтылықты саяси, ұлттық, экономикалық және әлеуметтік қайшылықтағы қабаттарға бөліп, ыдыратуды көздейді.
Деструктивті ағымдардың сыртқы факторы ретінде мыналарды атауға болады: кісі өлтіру, оның жеке тіршілігі мен өмірін құрту; белгілі бір қоғамды немесе әлеуметтік қатынастарды бұзу (террористік акт, соғыс), жансыз объектілерді, сәулет ескерткіштерін және басқа да өнер туындыларын (вандализм) жою, табиғи ортаны бұзу (экожүйелік, экологиялық лаңкестік), өзіне-өзі қол жұмсау – физикалық түрде қасақана өлтіру және жеке басын өзі жою.
Адамның деструктивті мінез-құлқы әртүрлі әлеуметтік институттардың ықпалымен реттеледі. Ол әлеуметтік-құқықтық санкциялар, медициналық араласу, педагогикалық ықпал, әлеуметтік қолдау және психологиялық көмек сипатында болуы мүмкін.
Қысқасы, бүгінгі жастарға өзінің мұсылмандық негізінің басқа мұсылмандардан ешқандай кем емес екендігін түсіндіре беруіміз керек. Өзіміздің тарихымызды ғылыми негіздеп, оның құндылықтарын, танымдық қабаттарын, діни тәжірибесін, Фарабиден бастап Мәшһүр Жүсіпке дейінгі аралықтағы тұлғалармен, олардың шығармаларымен діни және зайырлы білім түрде сусындатуымыз керек. Сонда олар өзінің бүкіл тарихына күмәнмен қарауды тоқтатады.
Біз жастарымызға керегі – ең бірінші өзінің болмысы, мәдениеті, діни танымы, тәжірибесі. Тәжірибе деген – тарих деген сөз. Тарихта қандай тұлғалар болды, қандай еңбектер қалдырды, міне осыны негізге алсақ, бұл тарихилық болып шығады. Яғни, біз діни экстремистік және диструктивті шаблондардың, олардың сипатын, табиғатын тарихилық өлшеммен, діни тәжірибемізбен салыстырып, анықтай аламыз. Диструктивті-радикалды ағымдардан қорғануда не үшін ұлттық менімізді, болмысымызды сақтауымыз керек? Қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дер кезінде көтерілген, өйткені өзгерместен жаңғыруымыз керек. Қалай? Оның бір-ақ ұстанымы бар, ол – тарихилық. Ол саяси детерминизмге де, діни радикалдық экстремистік тенденцияға да жауап береді. Сонда біздің мемлекеттің басты тұғыры болмыстық және тарихилық негізде екендігі белгілі болады.
Досай Кенжетай