10 шіл, 2025 сағат 11:40

QAZAQ INVEST FORUM 2025: Жасыл экономикаға инвестиция – болашаққа бағыт


 Фото: Александр Павский / Kazinform


Алматыда халықаралық QAZAQ INVEST FORUM 2025 өтті. Форум барысында Қазақстанда 5 триллион теңге капиталы бар инвестициялық қор құрылатыны белгілі болды. Жаңа қордың қаражаты экология, жасыл энергетика, инфрақұрылым және орнықты өнеркәсіп салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталады, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.

 

Экологиялық өндірістер – форумның басты бағыты

 

Тетра пакты қайта өңдейтін зауыт, автокөлік бөлшектері, күн панельдері және электромобильдерге арналған тежеу жүйелерін шығару үшін жалпы сомасы 220 миллиард теңгеден асатын инвестициялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.



«Біз қазір Астанада еркін экономикалық аймақ құру мәселесін пысықтап жатырмыз – бұл көлік хабы болады. Бұл жоба бұрын басталған, бірақ бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты тоқтап қалған. Енді оны қайта жандандырып, іске қосуды көздеп отырмыз», – QAZAQ INVEST FORUM 2025 ұйымдастырушысы Азаматхан Әміртаев.



Ұйымдастырушылардың бірі Ерлан Қыдырбаевтың айтуынша, егер өндіріс болса, ол экологиялық тұрғыдан таза болуы керек. Тетра пакты қайта өңдейтін зауыт ашылғалы жатыр. Бұл – Алматы облысындағы PAPER компаниясының және Қытайлық инвестордың жобасы. Инвестиция көлемі шамамен 40 миллион доллар. Яғни, сіз көріп жүрген, миллиондаған тонна болып тасталатын тетра пактар енді Қазақстанда қайта өңделетін болады.

 

Алматы – инвестициялық және сауда хабы

 

Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың сөзінше, Алматының сыртқы саудасының үштен біріне жуығы қытайлық серіктестермен жүзеге асады, және Қазақстанда тіркелген қытай компанияларының басым бөлігі мегаполисте жұмыс істейді. Яғни Қазақстанда тіркелген барлық қытай компанияларының 70%-ы Алматыда. Ал бұл қала Қазақстан ЖІӨ-нің 21%-дан астамын және мемлекеттік бюджеттің 26%-ын қалыптастырады. Тек өткен жылы Алматы 8 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан.


«Осындай жағдайда біздің қаламыз қытайлық серіктестер үшін негізгі инвестициялық хаб болуға дайын. Екі ел басшылығы арасындағы үлгілі қарым-қатынас пен әкімдік тарапынан толық қолдау ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік негізін қалайды. Бүгінде Қазақстанда тіркелген барлық қытай компанияларының шамамен 70%-ы Алматыда сәтті жұмыс істеп жатыр. Алматының бүкіл сауда айналымының үштен бірінен астамы Қытаймен жүзеге асырылады, ол 8 миллиард доллардан асады. Бірақ біз барлық бағыттар бойынша, ең алдымен жоғары қосылған құны бар жоғары технологиялық өндірістер бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеует көріп отырмыз», – деді Олжас Смағұлов.


Әкім орынбасарының айтуынша, Алматыда Chery, Haval және BYD автосалондары салынған. Сондай-ақ, Алматы еліміздің туристік астанасы ретінде дамып келеді – 2025 жылы қала 750 мыңнан астам шетелдік туристі қабылдауды жоспарлап отыр. Таулы кластерді дамыту аясында 50-ден астам жаңа қонақүй, соның ішінде бес жұлдызды қонақүйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.


Алматыда өткен  Qazaq Invest Forum атты алғашқы халықаралық инвестициялық эко-форум екенін атап өткеніміз жөн. Форумда жасыл экономика, ақылды ауыл шаруашылығы, көлік және тұрақты инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Форумның басты нәтижесі – Kazakh-Asia Investment Fund халықаралық инвестициялық қорының құрылуы болды. Қордың капиталы 5,25 трлн теңгені (шамамен 10 млрд доллар) құрайды. Оның алғашқы 1 миллиард долларын алдағы бір жыл ішінде игеру жоспарланған.

 

Жаңа көлік дәліздері мен инфрақұрылым

 

Сондай-ақ қор Хоргос – Ақтау арасындағы жоғары жылдамдықты автомагистралды салу қарастырылып жатқаны белгілі болды. Оның ұзындығы қазіргі 3800 шақырымнан 2400 шақырымға дейін қысқартылмақ. Сонымен қатар, Ақтауға дейін үш жолақты ауыр жүк тасымалдайтын электрлендірілген теміржол салу жоспарда бар. Бұл теміржол кейін Каспий арқылы Бакуге шығуы тиіс.

 

Қайта өңдеу және өндіріс салаларына 220 млрд теңгеден астам инвестиция

 

Макаоның валюта биржасының шетелдік бөлімінің директорының орынбасары Ма Сяньлиннің айтуынша, жаңа теміржол желісінің жылдық өткізу қабілеті 500 млн тоннаға дейін, ал пойыз жылдамдығы 120 км/сағ-қа дейін артады. Вагондар саны қазіргі 50–60-тан 300-ге дейін көбейеді.


Форум аясында жалпы сомасы 224,7 млрд теңгеге тең бірқатар инвестициялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

 

Нақты жобалар қатарында:


 

– SUNNY PAPER компаниясының орау қағазын қайта өңдейтін зауытын салу (12,6 млрд теңге);
– тетрапак қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын ашу (12,4 млрд теңге);
– сингапурлық серіктеспен бірге күн панельдерін шығаратын зауыт салу жобасы (34,5 млрд теңге);

 


Zichen Group компаниясымен бірге электромобильдерге арналған тежегіш жүйелерін өндіретін зауыт салу (41,8 млрд теңге). Өнімнің 95%-ы Еуропа мен АҚШ-қа экспортталады, ал жылдық өндіріс көлемі 200 млн доллар деп бағалануда.

 

 

Форум қорытындысы

 

Қазақстанның экология вице-министрі Нұрлан Құрмалаев «Жасыл экономикаға көшу – бұл жай тренд емес, стратегиялық басымдық» екенін атап өтсе, KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазинов индустриялық ынтымақтастықты экономикалық тұрақтылық пен технологиялық өсудің негізі ретінде қарастыратынын айтты.

Айта кетейік, аталған форумды Green Kaz Invest Group және Everest Capital компаниялары ұйымдастырған.

 

Ақбота Мұсабекқызы