14 там, 2024 сағат 15:54

«Qarmet-тің баяғы даңқын қайтару керек»: Президент жұмыс сапарымен Теміртауға барды

Фото:akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапармен барды. Президент барған алғашқы нысан - Теміртаудағы Qarmet металлургиялық комбинаты болды, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

Президент комбинатта жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіретін №3 домна пешінің жұмысымен, сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысымен танысты. Сосын, Qarmet Креативті технологиялар орталығын аралап көріп, кәсіпорынның жұмысшылары, ардагерлері мен кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Онда ол еңбек адамы ең жоғары құрметке лайық екенін айтып, мемлекет тарапынан олардың әл-ауқатын жақсарту үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.


Фото:akorda.kz

«Qarmet» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады.

Мұндай жобаларды дамыту және іске асыру мақсатында 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған екен. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.

Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Биыл 100-ден астам нысанды жөндесе, 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар, бұған дейін қабылданған «Тазалық» бағдарламасына сәйкес 120 санитариялық-тұрмыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады.

«Іске асырылып жатқан жобалар комбинат жұмысын тұрақтандырып, компанияның «5-9-5» бағдарламасының орындалуына болжам жасауға мүмкіндік берді. Қабылданған стратегияға сәйкес кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орта есеппен 66 пайыз өсімді қамтамасыз етеді», -деп отыр Андрей Лаврентьев.



Фото:akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім, себебі бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ, президент биыл күзде Теміртау қаласында экологиялық таза көлік түрі – трамвай желісі қалпына келтірілетінін де айтып өтті.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірістің тиімділігін арттыру және жаңғырту, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың мерзімі мен жоғары сапа стандарттарын қатаң сақтау қажет екеніне баса назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.

«Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президентке «Qarmet» акционерлік қоғамының профильдік емес активтерді басқару жөніндегі директоры Алмас Сиранов Креативті технологиялар орталығында роботты техника, автомоделдеу, ұшқышсыз басқарылатын дрондар секциялары, бағдарламалау, блогерлер, журналистика, документалистика мектептері, подкаст студиясы және басқа да шығармашылық бағыттағы үйірмелер ашылғанын жеткізді. Оның айтуынша, Орталық тек металлургиялық комбинаттың ғана емес, Теміртау қаласының көрнекті нысанына айналады. Мұнда жастар кәсіби бағдар алып, өздерінің инженерлік дағдыларын шыңдайды.

Қазіргі кезде «Qarmet» акционерлік қоғамында 34 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Металлургиялық комбинаттың өндірістік қуаты жылына 5,3 миллион тонна болат өндіруге жетеді. Былтыр кәсіпорын 2,9 миллион тонна дайын өнім шығарған. Оның 2,1 миллион тоннасы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экспортталды.

Фото:akorda.kz