Фото: Qarmet
Өндірісті жаңғырту бағдарламасы аясында Qarmet металлургия комбинатында домна өндірісін табиғи газға көшіру аяқталды. Газ құбырының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың тамызында №2 домна пешіне алғаш рет газ берілді. Қыркүйекте №3 пеш қосылды, ал қазан айының соңында – №4 пеште газға ауыстырылды. Осылайша, бүгінде Qarmet компаниясының барлық домна пештері толықтай табиғи газбен жұмыс істейді.
Газ тарту жобасының басты мақсаттарының бірі – мазуттан толық бас тартып, экологиялық әрі тиімді отын көзіне көшу. Металлургтер тәулігіне 250 тоннадан астам мазутты пайдалануды тоқтатты. Қазір мамандар коксты тұтынуды азайтуға көңіл бөлуде: №3 пеште бұл көрсеткіш тоннасына 500 килограмнан төмен деңгейге жетті, ал №2 және №4 пештерде технологиялық режимдер бапталуда. Желтоқсанға қарай барлық агрегаттар бойынша осындай нәтижеге қол жеткізу жоспарланып отыр.
«Мен домна цехында 25 жыл жұмыс істеймін, және алғаш рет табиғи газ пайдаландық. Қазір үйреніп жатырмыз, нәтижесі де көрініп тұр. Өнімділік артты, кокстың шығыны азайды, бұл шойынның өзіндік құнын төмендетті. Бұл – үлкен жетістік», — деді №4 домна пешінің өндірістік учаске бастығы Асхат Серікбаев.
2026 жылы табиғи газға әктас күйдіру цехын, конвертерлік цехты, мырыштау желілерін және жылу электр орталықтарын көшіру жоспарланған. Бұл шығындарды азайтуға, өндірістің тұрақтылығы мен экологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Qarmet Қазақстандағы ең энергия үнемдеуші әрі заманауи металлургиялық кәсіпорындардың біріне айналмақ.
