Қазақстандық, әлемнің 40-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған Путинцева екінші айналымда әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 10-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен шеберлік байқасты.
Бұған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, испаниялық теннисші басым түскен болатын.
Бұл жолы бірінші партияда Мугуруса басымдық танытты – 6:3.
Екінші сетте испаниялық спортшы матчқа доп бергенде, Путинцева қайрат таныта алды – 5:5. Сосын тай-брейкте таразы басын аудара білді – 7:6 (7:4).
Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші қарқынын тіпті үдетті – 6:1.
Екі сағат 17 минутқа созылған матч барысында Путинцева 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Путинцева жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен таласады.
Өткен аптада дәл осындай Мадрид додасының жеңімпазы атанған Жабер Римде екінші айналымда аустралиялық Айла Томляновичті 7:5, 6:2 есебімен ұтты.
Елена Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен кортқа шығады. Мадрид жарысында Рыбакина осы теннисшіден жеңіліп қалған болатын.