13 ақп, 2025 сағат 13:01

"Психикасы тұрақсыз жасөспірім кез келген балаға шабуыл жасауы мүмкін еді": Аймағамбетов Астанадағы қайғылы жағдайға пікір білдірді

Фото: ЖИ

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Астанада лифтте болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Айта кетейік, қайғылы жағдай 11 ақпанда болған, психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 14 жастағы жасөспірім лифтте 5 жастағы баланың бетін тілген. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Аймағамбетов бұл оқиға тек қайғылы жағдай емес, сонымен қатар жүйелік мәселелердің бар екенін көрсететін белгі деп есептейді. Айтуынша, бұл жағдай психикалық тұрақсыз жасөспірімнің кез келген балаға шабуыл жасауы мүмкін екенін көрсетіп берді. Ол мәселені кешенді тәсілдер қолдану арқылы ғана шешуге болатынын айтады, яғни ерте анықтау, бақылау және алдын алу.

Осыдан кейін депутат қандай шаралар қабылдауға болатынына тоқталды:

Психоневрологиялық қызметтерді реформалау

  • Кәмелетке толмағандар арасында психикалық бұзылыстарды диагностикалау мен емдеуді жетілдіру.
  • Реабилитациялық бағдарламаларды дамыту және мінез-құлықты бақылау.
  • Психикалық ауытқуы бар адамдарға күтім жасау ережелерін туыстарына үйрету.

Ата-аналармен жұмысты күшейту

  • Егер қауіпті адам жақын жерде тұрса, көршілер мен мектептерге міндетті түрде ақпарат беру.
  • Есепте тұрған адамдардың жағдайы мен мінез-құлқын тексеру.
  • Агрессивті азаматтарды уақытша оқшаулау мүмкіндігін қарастыру.

Тұрғын үй кешендеріндегі қауіпсіздік

  • Лифттерде, кіреберістерде және аулаларда бейнебақылауды қамтамасыз ету.

Психикалық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау

  • Әлеуметтік қызметкерлерді жұмылдыру.
  • Үздіксіз және басымдықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық көмек.
  • Мінез-құлықты бақылау және түзету.
  • Психологиялық қызметтердің жұмысын жандандыру.

Заңды өкілдердің жауапкершілігі

  • Ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларының құқықбұзушылықтарының салдары туралы қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
  • Егер отбасы баланы бақылауда ұстай алмаса, мониторинг пен реабилитация нәтижелері бойынша қосымша қолдау шаралары қабылдануы тиіс.
"Оперативті қызметтердің жедел әрекет етіп, білікті медициналық көмек көрсеткені және қылмыстық іс қозғалғаны назарға алынуы керек", - деп жазды Аймағамбетов.


Депутат балаға тез сауығып кетуін тілей отырып, мәжілісте қазіргі уақытта психологиялық қызметтер саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасы бойынша жұмыс жасап жатқандарын айтты.