Әлем елдерінің назарын аударып отырған салафилік идеологияның салқыны ел ішін жайлап, дәстүрлі діни танымымызға қайшы келетін түсініктерімен қоғамда іріткі салып жүр. Салафилік идеологияның ұлттық құндылықтар мен мәдени-діни танымды бұзуға бағытталған әрекеттеріне қарамастан кейбір азаматтарымыз осы ағымның жетегіне еріп, солардың сенімдерін исламның шынайы қағидаттары ретінде қабылдауда.
Салафизм идеологиясы ұстанушыларының уағыздарымен ұлттық, діни дүниетанымымызға қайшы келетін идеология таралуда. Дін атын жамылған ағымның көзқарастары бойынша, мәдениеттің музыка, өнер, театр секілді құрамдас бөлшектері – харам, дәстүрлі құндылықтарымыз – құнсыз. Олар халықты рухани құлдырауға ұшыратып, өз мақсаттарына жақындай түсу үшін жанталасуда. Соның салдарынан қоғамда түсініспеушіліктер мен қайшылықтар туындап, екіұдай сенім жетегіндегілер көбеюде.
Сыртқы келбеті десалафилік идеологиямен «қаруланған» адам екенін байқататын діншілдер басқа ағым өкілдеріне агрессиямен, тәкаппарлықпен қарайды. Еліміздегі дәстүрлі емес ағымның ұстанушылары сақалдарын ұзын қойып, тобықтан жоғары келетін қысқа шалбар немесе арабтық үлгідегі киім, ал әйелдері қара және сұр түсті ниқаб киеді, паранжа жамылады. Алайда, хиджабпен жүріп, сақал өсіріп, намаз оқитындардың тек теріс діни ағым өкілдері емес, халқымыз үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабындағы ислам дінінұстанатындары да бар, оларды ажырату үшін діни көзқарастарына назар аудару қажет.
Бүгінгі күні қара ниқаб пен паранжа еліміздегі даулы мәселелердің біріне айналып отыр. Қара жамылған қыздарды бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінен кездестіруге болады, тіпті, көздеріне көзілдірік тағып, қолдарына қолғап киіп, шектен шығушылыққа дейін баратындары да бар. Ең қауіптісі – олардың саны күннен-күнге артуда.
Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерімен кездесу барысында «Соңғы кезде жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесетін болды. Бетін тұмшалап, бүркеп, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана-сенімімізге де, дәстүрімізге де келмейді. Қазақта қара киім кісі өлгенде киеді... Әрине әркімнің не кием десем, өзім білем дейтін бостандығы бар. Ол - басқа нәрсе. Мынау - әдейілеп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін құбылыс», – деп өз позициясын білдірді, Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы да сөз тері келгенде бетті тұмшалау шариғатта жоқ екеніне назар аударыпөтті. Осы кездесуден кейін аталмыш атрибуттарға шектеу қою мәселесі қаралып жатқандығына құзырлы орган өкілдерінің ғаламторда жасалған көптеген жарияланымдары дәлел.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қара жамылғыға байланысты жасаған ұстанымында шектеу хиджаб пен орамалға емес, адамның бет-жүзін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім түрлеріне ғана қатысты болатындығын айтады. Шектеу немесе тыйым салу конфессиялардың діни қызметкерлеріне немесе шетел азаматтарына немесе бетті жасыратын киімді киюге міндеттейтін қызметкерлерге қойылмайды. Бұл шектеудің маңыздылығы – діндарлықтың сыртқы атрибутикасына шектен тыс назар аударған шетін көзқарасты топтар төндіретін қауіптің алдын алуға бағытталады. Діни фанатизмге бой алдырмай, ұлттық құндылықтарымызды, діни мәдениет пен дәстүрімізді сақтап қалу – еліміздің дамуы мен экономикалық өркендеуінің кепілі болып табылады. Осы жайында министрлік ислам дінінің дәстүрге деген толерантты көзқарасы туралы тұжырымды негізге ала отырып, қазақ халқының иманы сыртқы келбеті емес, ішкі тазалығында деген ойды ортаға салды.
Жалпы,ислам дінінде киімнің түсі мен үлгісі бекітілмеген, сондықтан да киім үлгілері әрбір халықтың дәстүрлі танымы мен мәдениетіне, ауа-райының ерекшеліктеріне орай қалыптасады. Ал кейбір азаматтар үшін «діни» киімге айналған ниқаб пен паранжа халқымыздың дәстүріне де, дүниетанымына да сай келмейді. Осы тұста Елбасымыз өз сөзінде «Біздің әйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған. Әрине, біз мұсылман дінінің барлық өкілдеріне құрметпен қараймыз, бірақ біздің өз жолымыз бар, өз ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар. Жастардың бойында дінге деген қызығушылықтың артуы – жағымды процесс. Бірақ шынайы дінді жалған діннен айыра білу қажет», – деп арабтық киімдердің халқымыздың танымына сай келмейтінін айтып өткен.
Ал салафизм идеясын ұстанушылар үшін арабша үлгідегі киім үлгілерін киіп, бетті жауып тұратын қара жамылғыны жабу – парыз, мұның себебін кейбір ғалымдар олардың хадис дәрежелерін ажырата білмегендіктерінен деп есептейді. Олар ғаламтор желілерінде хиджаб, паранжа, ниқабты насихаттайтын посттар мен бейнероликтерді, ұлттық киім саналатын кимешекті ниқабтың бір түрі деген ойларды таратып қоғамда екіжақты пікірлер тудыруда. Бұл жағдай ғаламтордың тұрақты қолданушылары – санасы қатаймаған жастардың оғаш түсініктерді қабылдауына себеп болып отыр.
Діни идеологияны қару етіп, халықтың діни сауатсыздығы мен әлеуметтік жағдайының төмендігін пайдаланған шетін көзқарастағылардың тұжырымдамаларына қарсы тұрудың бірден-бір жолы – діни және дінтанулық сауаттылықты арттырып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу. Қоғамдағы келеңсіздіктің алдын алу үшін идеологияға идеологиямен тойтарыс беріп, дәстүрлі емес ағымдардың етек жаюына жол бермеу қажет.
Зайнолдина А.А.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері