Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздерге толы болды. ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай сапарда қандай уағдаластықтарға қол жеткізілгені туралы есеп берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент бір күннің ішінде шетелдік мемлекет басшыларымен, халықаралық ұйымдар және жетекші корпорациялар өкілдерімен 20-дан астам кездесу өткізді.
Сапар аясында Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары арасында жалпы құны 5,2 млрд долларды құрайтын 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Құжаттар көлік-логистика, энергетика, цифрлық технологиялар сияқты стратегиялық маңызды салаларды қамтиды.
🔹 PepsiCo Алматы облысында 368 млн доллар инвестиция салып, снэк өнімдері зауытының құрылысын бастады.
🔹 Amazon Kuiper Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында инфрақұрылым орнатып, шамамен 200 млн доллар салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында шалғай өңірлерге жоғары жылдамдықты интернет жеткізілмек.
🔹 Chevron Қазақстанға тәуелсіздік жылдары 55 млрд доллардан астам инвестиция салғанын атап өтті.
🔹 Meta, Blackstone, Citigroup, ExxonMobil, Embraer және басқа корпорация басшыларымен келіссөздер жүргізілді.
Сонымен қатар Президент АҚШ басшысы Дональд Трамппен жеке кездесу өткізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселесін талқылады. Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында қол қойылған келісімдердің ішінде жалпы құны 4 млрд доллар болатын 300 локомотив өндірісі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен, Черногория басшысы Яков Милатовичпен және басқа да мемлекет және үкімет өкілдерімен кездесті.
Сапардың соңында Президент ФИФА басшысы Джанни Инфантиноны қабылдап, қазақстандық футболды дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды талқылады.
Руслан Желдібайдың хабарлауынша, Нью-Йорктегі келіссөздер Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қоймай, ел экономикасына жаңа серпін беретін маңызды қадам болды.
