Мемлекет тарапынан кепілдік берілетін несие мөлшері 360 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде соңғы қарыз алушы үшін несие құны банктің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаумен есептегенде 6 пайызды құрайды. Бір кәсіпкерді несиелік қолдау мөлшері 7 млрд теңгеге ұлғайды. Бұрын 2,5 млрд теңге болатын. Айналым қаражатын қаржылай толықтыру аясы да айтарлықтай кеңейтілді. Қазір бұл шағын және орта бизнес үшін ең маңызды қаражат болып саналады. Бағдарлама шеңберінде айналым қаражаты 60 млн теңгеден 500 млн теңгеге дейін ұлғайып отыр. Бұл ретте сауда қызметі субъектілерінің айналым қаражатын толықтыру – 100 млн теңгеге дейін болады», - деді Шыңғыс Ахметов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Департамент директоры сонымен қатар кәсіпкер несие алу кезінде банкке жүгінгенде оның кепілі жеткіліксіз болған жағдай да кездесетінін жеткізді.
«Бұл өте үлкен мәселе. Осы проблеманы шешу мақсатында мемлекет тарапынан кепілдендіру берілетін несиенің мөлшері 360 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін ұлғайып отыр. Осындай несиенің мемлекет тарапынан берілетін кепілдендіру мөлшері 50 пайызды құрайды. Ал 360 млн теңгеге дейін берілетін несие бойынша мемлекеттік кепілдендіру 85 пайызды құрап отыр», - деді ол.
Еске сала кетсек бұған дейін Шыңғыс Ахметов қазіргі кезеңде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың қандай тетіктері бар екенін айтып берген болатын.