25 жел, 2019 сағат 11:35

Президенттік кадрлық резерв жастар үшін жаңа белес болды - жоба жеңімпазы Дәулет Кәрібек

«Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек Президенттік жастар кадр резерві туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттік кадрлық резерв ең алдымен мемлекеттік аппараттың жаңғыруына, оған жаңаша дем беруіне, жаңаша қалыптасуына жасалған нақты қадамдардың бірі деп ойлаймын. Бұл жерде резервке өткен 300 адамның тағайындалуы емес, басты мақсат - мемлекетшіл, отаншыл жастардың өтіліне қарамай, мемлекеттік идеяны жүзеге асыруына, мемлекеттік қызмет істеріне араласуына мүмкіндік беру», - деді Д. Кәрібек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Спикер Президенттік кадр резервіне іріктеу кезеңдері туралы айтып берді.

«Бастапқы кезеңдері қиын болды, вербалды тест оңай болғанымен, математикалық тестті күнде жасап жүрмегендіктен қиынға соқты. Келесі кезеңдерде дайындықты күшейтіп, өзімізді жан-жақты көрсетуге тырыстық. Бұл резервті жастарға арналған челлендж деп түсінуге болады. Яғни, сын-қатер мағынасында емес, бағындырар белес деп айтуға болады. Кей сынақтар ойын түрінде өтті, ақпараттық жоба қорғадық. Әрбір тапсырған тестіміздің бейнекамераға жазылуы да іріктеудің ашықтығын, әділдігін көрсетті. Осылайша, үміткерлер әрбір кезеңде түрлі мүмкіндіктерін көрсете алды», - деді Д. Кәрібек.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандықтың анықталғанын мәлімдеді. Жеңімпаздардың орташа жасы 31-де.