11 там, 2025 сағат 16:32

Президент Үкіметке жасанды интеллектіні дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық технологиялық бәсеке күшейген қазіргі кезеңде Қазақстанға жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформацияға арналған кешенді бағдарлама қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, аталған құжат Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бірлесуімен әзірленіп, оған халықаралық компаниялар мен беделді сарапшылар тартылуы тиіс.

— Құжат прагматикалық тұрғыдан жетік, айқын, әрі алдағы жұмысымыздың бағыт-бағдарына айналуы керек. Онда жасанды интеллектіні дамыту мен қолданудың барлық аспектілерін қамтитын кешенді шаралар болуы шарт. Бұл экономика мен мемлекеттік секторға технологияны енгізу үшін нақты әрі түсінікті болуы тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы жаңа бағдарлама елдің бәсекеге қабілетін арттыруға, жаңа индустрияларды құруға және еңбек нарығының трансформациясын тиімді басқаруға ықпал етуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар жаппай оқыту бағдарламалары мен кадрларға сұранысты болжау маңызды бағыттардың бірі болатынын жеткізді.