18 қыр, 2025 сағат 20:35

Президент Туризм және спорт министрін қабылдады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдап, саладағы реформалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрдің баяндауынша, қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, спортқа ғылыми тәсілдерді енгізу, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ербол Мырзабосынов спорт саласында вертикальді басқару жүйесін қалыптастыру қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Бұл аясында бірқатар облыста спорт басқармаларының жаңа басшылары тағайындалып, нақты тиімділік көрсеткіштері белгіленді. Сондай-ақ спортшылар мен жаттықтырушыларға берілетін төлемдер бірыңғай стандартқа келтіріліп, спорттың басым түрлеріне қойылатын іріктеу талаптары нақтыланды.

Биыл күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы белсенді жүзеге асырылуда. Құжат бюджет қаржысын үнемді пайдалануға, басым спорт түрлерін дамытуға және кәсіпқой клубтарға бөлінетін төлемдерге лимит енгізуге бағытталған.

Кездесуде министр туризм саласындағы жұмыстар туралы да баяндады. Президенттің тапсырмасымен Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстауды дамытудың кешенді жоспары дайындалды, Алматы тау кластерін өркендету жоспары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ курортты өңірлерді дамытуға арналған ведомствоаралық жол картасы жасалған. Онда туристердің қауіпсіздігі, санитарлық стандарттарды көтеру және көлік қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, спорт саласында вертикальді басқару жүйесін енгізуді жалғастыру, футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету және туризм заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.