24 қыр, 2025 сағат 11:29

Қасым-Жомарт Тоқаев Жерді көгалдандырудың халықаралық күнін белгілеуді ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент жаһандық климаттың өзгеруіне назар аударып, өткен жылдың адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Орталық Азияда температура әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғарылаған.

🔹 Алатау мұздықтарының еруі – миллиондаған адамның су және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
🔹 Арал теңізін сақтау тәжірибесі – халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде солтүстік бөлігі қалпына келтірілгенін айтты.
🔹 Каспий теңізінің тартылуы – аймақтық емес, жаһандық мәселе ретінде қаралуы тиіс деп мәлімдеді.

Тоқаев су тапшылығын болдырмау үшін инвестиция мен тұрақты шешімдерді талап етіп, келесі жылы Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтетінін жариялады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ел ішінде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына тоқталды. Бұл бастама миллиондаған еріктіні табиғатты қорғауға, қоқыс жинауға және экологиялық ағартушылыққа жұмылдырады.

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялағанын еске салған Президент, барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырды.

«Жерді қорғау – барша адамзаттың ортақ борышы. Сондықтан Бас Ассамблея 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні ретінде белгілеуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.