Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясында жалпы дебатта сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның соңғы сексен жыл бойы адамзат алдындағы жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде негізгі рөл атқарып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұйым ұжымдық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және адам құқықтарын қорғау бағытында зор үлес қосып келеді.
Алайда Президент қазіргі әлемнің түбегейлі өзгергенін және көпжақты институттарға деген сенімнің дағдарысқа ұшырағанын ашық айтты.
– «Халықаралық құқықты өрескел бұзу қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге сызат түсірді», – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ны жан-жақты реформалау стратегиялық қажеттілік екенін атап өтті. Оның пікірінше, реформа Қауіпсіздік Кеңесін қайта қараудан басталуы тиіс. Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі мемлекеттердің өкілдері кеңесте ротация тәртібімен ұсынылуы қажет.
Сонымен бірге Қазақстан орта державалардың да дауысы халықаралық деңгейде айқын естілуі керек деп санайды.
– «Ұлы державалар өзара мәмілеге келе алмаған жағдайда, орта державалар дәнекер рөл атқара алады», – деді Президент.
Оның айтуынша, қазіргі буын көшбасшылары әрекетсіздік танытпауға тиіс, себебі оның зардабын келешек ұрпақ көреді.
Толық мәтінді осы жерден оқи аласыз.
