14 жел, 2016 сағат 13:54

Президент рақымшылықпен босап шыққандарды оңалтуды тапсырды

Президент рақымшылықпен босап шыққандарды оңалтуды тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақорданың сайтында Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 - 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы жарияланды.

"Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді кешенді жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017 - 2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы (бұдан әрі - Кешенді стратегия) бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп:

1) 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін Кешенді стратегияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс", - делінген Жарлықта.

Еске салайық, кеше Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық жасау туралы заңға жария түрде қол қойған болатын. "Рақымшылық 28 мыңға жуық азаматқа жасалады деп жоспарланып отыр. Бұл - ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңындағы маңызды адамгершілік акциясы", - деді Елбасы.