Фото: Ақорда
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында сөз сөйлеп, мұғалімдердің құқықтарын қорғау мен мәртебесін арттырудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, педагогтердің өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартылуына жол бермеу керек. Дегенмен кейде жергілікті билік өкілдері бұл талапты өрескел бұзып отырғанын айтты.
«Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін мұғалімді жазалауды орынсыз деп санайтынын жеткізді. Ол Алматы облысындағы түлектер арасындағы қайғылы жағдайдан кейін директор мен мұғалімдерді жұмыстан босату – қате шешім болғанын атап өтті.
Сондай-ақ Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаздардың құқығын қорғауға бағытталған өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Мемлекеттің басты міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделі мен мәртебесін барынша арттыру.
Тоқаев Маңғыстаудағы оқушылардың сапасыз тамақтан улану оқиғасына да тоқталды. Осы жағдайдан кейін мектеп асханаларына бақылау жасау функциясы Денсаулық сақтау министрлігіне берілгенін, бұл – дұрыс шешім екенін атап өтті.
«Балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысты мәселе», – деді Мемлекет басшысы.
