14 там, 2025 сағат 15:24

Президент мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтерді

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Баян Жалмағанбетованы қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесуде адам құқықтарын қорғау, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Баян Жалмағанбетова Мемлекет басшысына осы бағыттағы бірқатар ұсынысын жеткізді.

Президент 2023 жылдың желтоқсанында Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілгенін еске салып, омбудсмендер мен олардың өкілдері бұл құжатты іске асыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділігі үшін Баян Жалмағанбетоваға ризашылығын білдіріп, елорда басқа өңірлер үшін үлгі болатынын, сондықтан бұл қызметке ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Сондай-ақ, Президент мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін шешуде әкімдік пен министрліктердің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың күшін біріктіру маңызды екенін айтты.